Америкалық 20-ға жуық компания іскерлік мақсатта Қазақстанға келуді жоспарлап отыр

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар сауда-экономика саласындағы қазіргі жағдайды және энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, экология салаларындағы қарым-қатынастарды нығайту перспективаларын және басқа да мәселелерді талқылады.

Премьер-министр Қазақстан АҚШ-ты екіжақты және көпжақты форматтағы стратегиялық серіктесі санайтынын атап өтті. Бүгінде ҚР-да 900-ден астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. 

"Біз Америка Құрама Штаттарымен бұған дейінгі тиімді ынтымақтастығымызды күн тәртібіндегі кең ауқымды  өзара іс-қимыл бойынша одан әрі тереңдетуге және нығайтуға ниеттіміз".  Әлихан Смайылов

Үкімет басшысы былтыр елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 40%-ға өсіп, $3,1 млрд болғанын атап өтті. Осы ретте Қазақстан сауда көлемін одан әрі арттыруға әлеуетті және құны $800 млн болатын 90 тауар түрінің экспортын арттыруға дайын. 

АҚШ — Қазақстанға тікелей инвестиция тарту бойынша көшбасшы елдердің бірі. Былтыр америкалық инвестиция екі есеге жуық өсіп, $5,1 млрд-тан асты. Бұл — пандемияға дейінгі рекордтық деңгейге тең көрсеткіш. 

Өз кезегінде, Дэниел Розенблюм Қазақстан-Америка қарым-қатынастарын ортақ мүдде негізінде одан әрі дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті. 

"Біз инвестициялық көрсеткіштерді нығайтып, екіжақты тауар айналымын арттырғымыз келеді. АҚШ компаниялары Қазақстанда түрлі салалардағы қызмет ауқымын кеңейтуге мүдделі. Бұл тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласы, ақпараттық-коммуникация және жасыл технологияларға, сондай-ақ көлік саласына қатысты".   Дэниел Розенблюм

Сондай-ақ ол биылғы жазда түрлі секторда қызмет ететін 20-ға жуық америкалық компания іскерлік мақсатта Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын айтты.  

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша байланыстарды белсенді түрде жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: