Бұған қатысты кәсіби дәрігерлер наразылық петициясын жариялап үлгерді. Қазірдің өзінде 4 мыңға жуық маман петицияға қол қойған, деп хабарлайды КТК.
"Адамның шығып кеткен тобығын алатын болсақ, сипап, ауыртпай, дем саламын. Ішімнен Құран сүрелерін оқып, Алладан тілеп, барлығы бір Алланың қолында. Алла күшқуат береді, бізге энергия келеді. Күш-қуат келгенде сүйектері өздімен жиналып, салынып кетеді, бір 10-15 минутта". Емші Жеті Хазірет
Дегенмен ем салудың орнына қалтаға қол салып жүргендер көп. Не сертификаты, не дипломы жоқ олар талай жанның тағдырына балта шапқан. Мәселен, Маңғыстау облысында қолы сынған баланы ата-анасы хирургке апарудың орнына, сынықшыға әкеледі. Салған қолы бірнеше күнде қарайып, соңында кесіп тастауға тура келген. Жіпке тізсең, мұндай мысал өте көп. Ал бірнеше күн бұрын еліміздің кәсіби дәрігерлері бас көтеріп, арнайы петиция жариялады. Олар емшілер мен әулие-әмбиелерді медициналық қауымдастықтың толыққанды мүшесі қылуға қарсы.
"Біз бұл құжаттың қабылдануына қарсымыз. Дәрігер болу үшін қанша уақытымызды сарп еттік. Кемі 7 жыл жоғарғы оқу орнында оқыдық. Жауапкершілікті мойнымызға алып, арнайы Гиппократ антын қабылдадық. Ал мұндай түрлі бақсыбалгер, емшілерге біз ерік беріп, құқықтық мәртебесін көтерсек, онда ауруын емдеймін деп барып, мүгедек болғандардың саны күрт артады". Дәрігер Рафаил Розенсон
Қызметкерлерінің уәжіне денсаулық сақтау министрлігі үн қатты. Қазір жауапты сала мамандары емшілер мен әулие-әмбиелерді бір ретке келтіру үшін арнайы құжат әзірлеуде. Оған сәйкес, апитерапия яғни арамен емдейтіндер, гирудотерапия сүлік салатындар, емшілер мен сынықшыларды заңдастырмақшы. Барлығын емес, тек аттестациядан өткендерін ғана. Сонда ғана заң алдында олар жауап бере алады екен.
"Біз дәрігерлер мен емшілерді теңестіруді мақсат етіп отырған жоқпыз. Қайта, сүзгіден өткізуді жоспарлап отырмыз. Қоғамда емшілер, сүлікпен емдейтін орталықтар, хиджама жасайтындар қаптап кетті. Тез арада оларды тексерістен өткізіп, бір ретке келтірмесек, арты жаман болады".ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният
Қазір елімізде ресми тіркелген 3700 емші балгер-бақсы бар екен. Екі мыңнан астам сайт бар. Ал тіркелмегені қаншама. Осы ретте дертті дәрісіз жазамын деп білек сыбана кірісіп отырғандардың бәрн тіркеу мақсатымыз емес дейді денсаулық сақтау министрлігі. Құжат әлі қос тараптың қатысуымен алда екі рет талқыланып, қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.