Шымкентте жалғыз трансплантолог жұмысынан айырылды: бұған науқастар наразы

Шымкентте жалғыз трансплантолог жұмысынан айырылды, бұған бауыр мен бүйрек ауыстыруға мұқтаж жандар наразы, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шымкентте бауыр мен бүйректі ауыстыруға мұқтаж науқастар қаланың денсаулық сақтау басқармасында шу шығарды. Олардың сөзінше, жылдар бойы кезекте тұрып, отаға бір қадам қалғанда өңірдегі жалғыз трансплантолог дәрігер жұмыстан қуылған. Наразылар маманды қайтарсын деп талап қойды. Бұл туралы "Алматы" телеарнасы хабарлады.

"10 күн бұрын бір ота жасап шықтық. Енді екінші отаға анализ бәрін дайындап қойған кезде Абылай Донбай жұмыстан шығады деп тұр. Қаралатын дәрігер жоқ. Бар-жоғы екі-ақ ай өмірі қалған. Алматы, Астанаға апаруға жолға жарамайды. Түркістаннан Шымкентке әрең келіп отырмыз". Науқастың туысы Әсел Сейілхан

Ал қаланың бас дәрігері Абылай Донбай басқаратын №1 қалалық ауруханадан біршама былық анықталғанын айтады. Жиі түскен шағымнан кейін тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде дәрілердің шамадан көп алынғаны және емдеуден бас тарту фактілерінің тіркелгені анықталған.

"Биыл 6 айда 25 шағым түскен. Оның ішінде 9-ы сапалы емдеу диагностикасы толық жүргізілмеген. Екіншіден, науқастарға көмек көрсету барысында кемшілік болған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков

Бұған қатысты трансплантолог Абылай Донбай да пікір білдірді. Оның айтуынша, қалада 2 мыңнан аса адам бауыр мен бүйрекке мұқтаж. Ол осы уақытқа дейін 200-дей науқастың ағзасын ауыстырғанын, бір жылдан бері қудалауға ұшырағанын айтты.

"Жұмыс істеткізбейді. Азаннан кешке дейін тексеру жүргізеді. Ашығынан айтқанда, кадрлық бизнес. Себебі орнымызға адамдарды тағайындап қойған". Трансплантолог дәрігер Абылай Донбай

Абылай Донбай қаладағы №1 ауруханаға 2019 жылы бас дәрігер болып келген. Енді дәрігер сотқа жүгінбек. Ал кезекте тұрған науқастарға жаңа трансплантолог маманды күтуден басқа амал жоқ.

Шымкент
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: