Бағдарлама аясында оларға мемлекеттен тиісті қолдау көрсетілді. Дәрігер Мөлдір Нығметжанова Астанадан Курчатовқа бір ай бұрын көшкен. "Ерікті қоныс аудару" бағдарламасы туралы интернет арқылы біліпті. Содан Абай өңіріне жанұясымен қоныс аударуды ұйғарған. Жаңа ортада ерлі-зайыптыларға тұрақты жұмыс тез табылды, деп хабарлайды "Хабар 24".
"Мемлекет тарапынан берілетін көмектер қызықтырды. Субсидия, тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жұмыспен қамту. Сол бағдарламаны көріп, осы жаққа хабарласып. Ауруханада учаскелік терапевт болып орналастым. Жолдасымды да жұмыспен қамтамасыз етті". Терапевт-дәрігер Мөлдір Нығметжанова
Курчатов қаласына барғандардың мұғалім, заңгер және медицина саласында жоғары білімі бар. Бәріне де қызметтік пәтер беріліп, материалдық қолдау көрсетілді. Келісімшартқа сәйкес олар өңірде кемі 2 жыл жұмыс істеуі тиіс.
"Бізден материалдық көмек төленеді. Ол жолдарына 241 мың 500 теңге әрбір отбасы мүшесіне. Және де пәтер жалдауға. Ай сайын 69 мыңнан жоғары төленеді. Қазіргі таңда біздің қаламызға денсаулық саласында және де білім саласында мамандар жетіспейді". Курчатов қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Әлия Сұлтанова
Моноқалада қазір 17 мұғалім мен 5 дәрігер қажет. Жалпы Курчатов қаласының электронды еңбек биржасында 70-тен аса бос жұмыс орыны бар.