Үкімет Маңғыстау облысындағы тұщы су мәселесін қалай шешпек

Үкімет Ақтау қаласындағы "Каспий" су тұщыту зауытын кеңейту жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге қаражат бөлді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің 7 тамыз күні жариялаған мәліметі бойынша, үкімет резервінен Ақтау қаласындағы "Каспий" су тұщыту зауытын кеңейту" жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге қаражат бөлінді. ҚР премьер-министрі Ә. Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

"Каспий" су тұщыту зауытын кеңейту мәселесі – Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Жоба 2021 жылғы 22 қыркүйекте ҚР Президентінің қатысуымен өткен "Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы" кеңестің хаттамасын орындау аясында іске асырылып жатыр", – делінген үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Есепке сәйкес жобаны аяқтау зауытқа ауыз су өндіру көлемін тәулігіне 40 мың м3 дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның бұрынғы өнімділігі бұдан екі есе аз болған. Осы жылдың 5 шілдесінде Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында премьер-министр Ә. Смайылов жобаның іске асырылу барысымен танысты. 

"Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға орындалды", – делінген хабарламада.

Жобаны жүзеге асыруға бөлінетін сома жергілікті билік сұраған сомадан сәл аз. Маңғыстау облысының әкімдігі зауытты кеңейтуге кететін шығын 5,6 млрд теңге деп бағалаған.

Ақтау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: