Қытайдан бастау алатын Ертіс өзені Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын басып өтеді. Өзен суы біздің өңірге келгенде 20 шақырымға дейін жайылады. Бұл уақытта балықтар уылдырық шашып, тоғай алқабы суға толады. Алайда, биыл су жіберу процесінде кедергілер болып, өзен деңгейі төмендеп кетті. Экологтар бұл жағдай жалғаса берсе, өзеннен мүлдем айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтып дабыл қағады, деп хабарлайды Astana.tv.
"Биылғы жылы Ертісте су айтарлықтай аз болды. Оның барлығы өткен қыста қар аз түскеннен. Содан болып Шығыстағы су қоймаларының деңгейі төмендеп, бізге су бекітілген кестеден аз жіберілді". Гидролог-маман Антон Чашин
Биыл Шүлбі су қоймасынан Ертіске 32 пайыз су босатылды. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең төмен көрсеткіш.
"Ертістің жағдайы адам шошырлық. Бұлай жалғаса берсе хәлі тіптен мүшкіл болып, алып өзеннен айырылып қаламыз. 2030-шы жылы тіпті одан бері 2028 жылдан кейін суы сирақтан келетін болады. Өйткені, Қытайда су тапшылығы туындайды. Сондықтан олар Қара Ертісті бөгеп тастайды". Эколог Юрий Павленко
Биыл су мөлшерінің аздығынан өзен жағалай орналасқан елдімекендер зардап шекті. Шабындықтар шалғы салуға келер емес. Судың жоқтығына дұрыс көктемей қалған. Енді бұлай жалғаса бермесе, бұл басқа өңірлерге де әсер етуі мүмкін деп отыр мамандар. Өйткені, Астана, Қарағанды, Теміртау секілді үлкен қалалар Ертіс өзенінен бастау алатын Сәтбаев каналынан тіршілік нәрін алады.
"Ертісті жылдам арада құтқару керек. Ол үшін Қытай және Ресеймен келіссөздер жүргізу қажет. 1991 жылы құрылған комиссияны таратып, мүшелерін жаңартсын. Су туралы заң қабылдау керек. Қылмыстық заңнаманы қатайтып, Ертісті ластағандарды қатер төндіргендерді түрмеге жапсын. Сонда ғана Ертіс қалпына келеді". Эколог Юрий Павленко