ТЖ бойынша жедел кезекшілік деректері бойынша Жетісу және Түрксіб аудандарында жеке тұрғын үй секторында ауланы су басудың екі жағдайы тіркелді.
"Су сорып алынды. Арық өткелдерінің бітелу жағдайларын жоюмен жергілікті патрульдік бригадалар айналысуда. Арық желілері арқылы судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында 34 кезекші бригада, 114 бірлік техника, 23 мотопомпа, 115 жолшы жұмысшылар түнгі ауысымға шықты. Таңертең сағат 8-ден бастап 38 кезекші бригада, 166 бірлік арнайы техника, 23 мотопомпа және 468 жолшы жұмысшылар өз ісіне кірісті", - деп хабарлады Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.
Сурет: Алматы қалалық әкімдігі
Құзырлы ведомство атап өткендей, қар жаууына байланысты Шымбұлақ жолдарына көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр, бұрынғы эко бекеттен Шымбұлаққа дейінгі учаскеде жолдар қардан тазалануда.
Жол қозғалысын шектеу мақсатында ол маңға жол полициясы бекеті қойылды.
"Селқорғау" ММ деректері бойынша Алматы өзендеріндегі су деңгейі қалыпты жағдайда.
Аудан әкімдіктерінде жүргізіліп жатқан жұмысты бақылау бойынша тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды.
Сурет: Алматы қалалық әкімдігі
Айта кетсек, 13 қазанда кешке Медеуде қар жауды.
14 қазанда төтеншеліктер Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына тауға шықпауға кеңес берді.