Экология министрі итбалықтардың неден қырылғаны анықталып жатқанын айтты

16 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Каспий теңізінде өлген жануарлардың саны артқанын айтты. Мамандар итбалық пен бекіре тұқымдас балықтардың қырылу себебін зерттеуге кірісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда 59 итбалық пен 67 бекіре тұқымдас балықтың өлексесі табылған.

"Дауыл өлекселерді жағаға шығарып тастаған. Өлекселерге қарап, жануарлар әр түрлі уақытта қырылған және әр түрлі кезде шіріген деуге болады. Сондықтан бүгінде ол жақта  өзара әрекеттесу схемасы аясында құрылған жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Олар: ғылыми-зерттеу институты, итбалықтарды зерттеу және қалпына келтіру орталығы, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері. Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері жағдайды зерттеп, ауаның, топырақтың, судың қажетті сынамаларын алды". Ерлан Нысанбаев

Ведомство басшысы жануарлар нақты неден қырылғаны жөнінде қосымша ақпарат беруге уәде етті. "Итбалықтар мен балықтар мұнай қалдықтарынан өлуі мүмкін бе?" деген сұраққа министр жауап беруге дайын емес екенін жеткізді.

"Факті бойынша айтсақ, былтыр да итбалық қырылды. Себебі анықталды – жедел пневмония болып шықты. Сондықтан бүгінде оның себебін әртүрлі аурулардан көріп отырмыз. Бірақ тікелей әсер етуі жөніндегі мәселеге келетін болсақ, жауап беруге әлі дайын емеспін". Ерлан Нысанбаев

15 қазанда Маңғыстау облысы бойынша балық шаруашылығы инспекциясы басқармасының қызметкерлері Түпқараған ауданында Баутино ауылының маңында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында итбалықтың 25 өлексесін және бекіре тұқымдас балықтың 33 өлексесін тапты.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: