Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, арнайы комиссия 2023 жылдың маусым айының басында Абай облысында 14 адамның өмірін жалмаған орман өртінің себебін анықтады.
"Абай облысындағы орман өрті бойынша мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінен құрылған арнайы комиссияның қорытындысы бар, онда өрттің себебі құрғақ найзағай разряды екені анық көрсетілген. Оған дәлел – жеке тұрған ағаш, өрт содан тараған. Бұл ресми нұсқа және біз соны қолдаймыз". Ерлан Нысанбаев
Бұл ретте министр әр жылдары Қазақстанда орманды әдейі өртеген деректер болғанын мойындады. Бірақ Абай облысындағы орман өртіне табиғи құбылыстар себеп болуы мүмкін.
"Орман өрттері негізінен өрт қоюдан туындайды деу қате болар еді. Статистика көрсеткендей, еліміздегі орман өртінің 70 пайызы далалық аумақта ауылшаруашылық өрттерінің салдарынан болады. Екіншіден, өрттің құрғақ найзағай разрядтарынан шығуы Ертіс өңіріне, таспа шоққарағайына тән. Семей облысында жұмыс істегенімде, менің тәжірибемде тәулігіне 25-ке дейін құрғақ найзағай разрядтары болған еді". Ерлан Нысанбаев
Абай облысындағы алапат орман өрті 2023 жылғы 8 маусымда болды. "Семей орманы" шаруашылығы аумағында 60 мың гектар орман өртенді. 14 адам қаза тапты.