"Азаматтық неке" деген не. Некесіз бірге тұрудың салдары қандай

Көптеген тіркелмеген жұптар өздерін азаматтық некедеміз деп есептейді, алайда, заң жүзінде бұл – некелеспеген екі адамның бірге тұруы. Осы мәселені зерттеп, "заңсыз" ерлі-зайыптылардың қандай құқықтары бар екенін біліп көрдік.

Қазақстан заңнамасында "азаматтық неке" ұғымы жоқ. "Неке және отбасы туралы" кодекске сәйкес, тіркелмеген одақ жарамды деп саналмайды. Дегенмен, ортақ балалары бар, заң жүзінде некелеспеген адамдардың бірге өмір сүру формасы нақты неке деп аталады.

Заңгерлер тіркелмеген некені "нақты неке қатынастары" деп атағанымен, заң алдында мұндай адамдар бір-біріне бөтен, себебі, қажет болған жағдайда олар сотта қарым-қатынастарын құжатпен растай алмайды.

Жалпы, "азаматтық неке" ұғымы XIX ғасырда пайда болды. Ресей империясында оны некелесу рәсімісіз зайырлы неке деп атаған. Қарым-қатынастың бұл формасы сол кездегі жалғыз ресми шіркеу некесіне қарама-қайшы шығарылды.

Ал Кеңес Одағының пайда болуымен ұғымдардың орны алмасты. Осылайша, 1917 жылғы 18 желтоқсаннан бастап құжатталған азаматтық неке міндетті болды, ал шіркеулік некенің заңды күші болмады.

Бүгінде Қазақстанда цифрландырудың дамуына орай, некеге тұру рәсімі барынша оңтайландырылған. Egov порталы арқылы АХАТ (азаматтық хал актілерін тіркеу) бөлімшелеріне өтініш беруге болады.

Сондай-ақ елімізде әр адам қалауы бойынша діни неке қидыру рәсімінен өте алады. Ислам діні бойынша, неке қидыру үшін қалыңдық пен күйеу жігіттің, ата-аналарының келіссімі, кем дегенде екі куәгердің болуы қажет.

Неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері (некенің парызы - ред.) мен шарттары орындалуы тиіс.

Елімізде ұстанылатын Ханафи мәзһабында некенің рүкіні – ижап пен қабул. "Ижап" дегеніміз үйленгелі жатқан екі тараптың біріншісі отбасын құруды білдіретін сөзді айту. Ал "Қабул" екінші тараптың бірінші жақтың ұсынысына келісімін, разылығын білдіретін сөз.

Айта кетейік, бүгінде мешітте неке қидыру үшін АХАТ бөлімінен тиісті құжат алып бару керек. Яғни, отбасын құрғалы отырған жастар әуелі АХАТ-қа өтініш білдіреді, кейін барып некені мешітте қидыруыларына болады. Бұл жағдайда екі тарап та (ер мен қыз) ел алдында және заң алдында да жауапкершілікті сезінеді. Дәлірек айтқанда, некені тек имамның алдында емес, АХАЖ-ға барып тіркелу дегеніміз, заңмен де Құдай алдындағы куәлікпен де бекітіп қою. Бұл бір жағынан отбасын асыраудан қорқып, баланы өсіру бейнетінен қашып, жиі ажырасатын қуларды заңмен міндеттеу.

Сонымен қатар, Заңға сәйкес неке қиюға қатысты діни рәсімдерді ғибадат ғимаратынан тыс жерлерде жүргізуге шектеу қойылған. Өйткені, соңғы 10 жылда 15-18 жас аралығындағы жастар арасында мешіттен тыс жерлерде 30 мыңнан астам неке қиылған деген дерек бар. Көбісі заң жүзінде некелерін тіркемеген. Мұндай жағдайда баланы да, ананы да заңмен қорғау мүмкін емес. Ал ислам отбасының бұзылмауына ерекше мән береді, шаңырақтың шайқалмауын көздейді. Сол үшін имамның мешітте неке қимай тұрып екі жастың қосылуын заң жүзінде растайтын ресми мекеме АХАТ-тың құжатын сұрауы орынды.

Сондай-ақ неке тіркелмеген болса, онда ерлі-зайыптының бірге тапқан мүлкі ортақ емес, өйткені некесіз бірге тұру үлгісінің заңды негізі жоқ. Үй, көлік және екеуінің қаражатына сатып алынған кез келген басқа да мүлік заң бойынша ресімделген адамға ғана тиесілі болады. Егер бірге тұратын адам қайтыс болса, оның серіктесі де мұрагерлікке құқылы емес. Өйткені бірінші кезекте, заңды ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар мұрагерлер болып табылады.

Егер тіркелмеген қарым-қатынастан бала туылса, әкелікті дәлелдеудің екі жолы бар. Біріншісі – оны басында баланың туу туралы куәлігіне енгізу, екіншісі – әкелікке сот-генетикалық сараптама. Ажырасқан жағдайда, қамқоршылық мәселесі де сотта қамқоршылық және қорғаншылық органдарын тарта отырып шешіледі. Егер анасы некесіз бірге тұрған адамына алимент төлетуді жоспарласа, онда ол туу туралы куәлікте әке ретінде көрсетілуі керек, басқа жағдайларда мәселе сот арқылы шешіледі.

Сонымен қатар, некесіз бірге тұратын адамдар бір-бірінің ауруханаға жатқызу немесе шұғыл ота жасату секілді денсаулыққа қатысты мәселелерін шешуге құқылы емес. Себебі науқастың денсаулығына қатысты барлық шешімдерді туыстары ғана қабылдай алады.

Әрине, әр адам қарым-қатынастың қай түрін таңдаймын десе де, өз еркі. Алайда, некесіз бірге тұрған жағдайда заңнамалық тұрғыдан барлық тәуекелдерді ескерген абзал.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: