"Яндекс.Таксиге" қатысты тергеу аяқталды: қандай өзгерістер болады

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Яндекс Таксиге" қатысты монополияға қарсы тергеулерді аяқтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Агенттіктің 2023 жылғы 15 желтоқсан күні таратқан мәліметіне сүйенсек, тергеп-тексерудің қорытындысы бойынша компания бақылау-кассалық машиналардың бағдарламалық қамтамасыз етуін техникалық қолдау қызметтерін жүктеуде көрсетілген таксопарктердің экономикалық қызметін үйлестіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ "Яндекс Такси" монополияға қарсы органға ақпарат бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұған қоса "Яндекс Такси" Қазақстанның цифрлық экожүйесін қолдау қорына өз еркімен 3 млрд теңге аударғаны мәлім болды.

Агенттік пен "Яндекс Такси" монополияға қарсы комплаенс жасасып, оның аясында мынадай шаралар кешенін іске асыру көзделген:

Такси жүргізушілерімен тиімді қарым-қатынас жасау және клиенттермен байланысты қолдау үшін Call-орталықта "кәдімгі" оператор жұмыс істей бастайды.

Жолаушылар мен жүргізушілер мүддесінің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін мынандай жүйелі шаралар қабылданды:

  1. Агенттік заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады, оларды енгізу жүргізушілерге "Яндекспен" таксопарксіз тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді (таксопарктер комиссиясы 4-8%);
  2. "Яндекс" бағдарламалық қамтамасыз етуді, сондай-ақ баға белгілеуге әсер ететін факторларды (ауа райы жағдайлары, мереке күндері, сұраныстың артуы, жүргізушілердің болмауы және т.б.) егжей-тегжейлі зерделеу үшін IT саласындағы тәуелсіз аудиторлық компания Агенттікпен, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп алгоритмдік баға белгілеу аудитін жүргізеді.

Яндекс міндеттемелерінің монополияға қарсы комплаенс шеңберінде орындалуы Агенттік жанындағы арнайы мониторингтік топтың бақылауында болады.

"Оның құрамына кәсіби қоғамдастықтардың сарапшылары (бастамашыл топтардың, көлік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, әділет, цифрлық даму және инновациялар министрліктерінің, сондай-ақ таксопарктер қауымдастығының өкілдері) кіреді. Бұл туындайтын сын-қатерлерді уақтылы қарауға мүмкіндік береді".ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі

Бұдан бөлек болашақта бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактілері анықталған кезде Агенттік заңнамада белгіленген тиісті шараларды қолданбақ.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: