Оның айтуынша, 2023 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу міндетін қойған.
"Стратегиялық мақсат – 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыру. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді, онда біз әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындыларын шығарып, осы бағыттағы алдағы іс-қимылдардың тактикасын анықтаймыз. Ұлттық Құрылтай отырыстары идеологиялық саланың, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңартудың өзекті мәселелерін талқылайтын пайдалы алаңға айналды. Дәстүр бойынша олар жазда өтті, бірақ биыл біз көктемде кездесуді өткізуіміз әбден мүмкін", - деді президент.
Осылайша, бірінші тоқсанда еліміздің экономикалық, әлеуметтік-саяси және гуманитарлық салалардағы негізгі күн тәртібі қалыптасады, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз.
"2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді" - деді президент.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.
"Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қалғанғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады", -деді мемлекет басшысы.
Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.
"Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек", - деді президент.