Президент Қазақстандағы әлеуметтік көмек тетіктерін толығымен қайта қарауды тапсырды

7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы әлеуметтік саланы реформалау туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекет басшысы әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Оның айтуынша, реформа әлеуметтік көмек пен қолдаудың құрылымы мен тетіктерін толығымен қайта қарауға бағытталуы тиіс.

"Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек. Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет." Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің сөзінше, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі, мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет.


"Азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты. Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек". Мемлекет басшысы
Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: