Қызылорда облысында жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетілді

Ақтөбе облысының аумағындағы қатты боранға байланысты кешеден бері республикалық маңызы бар М-32 "Самара-Шымкент" автомобиль жолының 1240-1357 шақырымы аралығы жабылған. Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Осыған орай Арал қаласынан 20 шақырым қашықтықта жол патрульдік полицияның 12 инспекторы 6 автокөлікпен жол бойында жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде Ақтөбе облысына бағыт алған 584 жүк көлігі, 13 жолаушылар көлігі, 210 жеңіл көлік және 1000-ға жуық жолаушы тоқтатылды. Аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылған. Жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіпкерлердің, білім саласы қызметкерлерін жолаушыларға тегін ыстық тамақ таратып жатыр. Әйелдер мен балалар аудан орталығындағы индустриалды-техникалық колледж жатақханасына орналастырылды. Медицина қызметкерлері екі мезгіл жолаушыларды аралап денсаулығын тексеріп жатыр.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жол бойындағы қызмет көрсету кешендеріндегі азық-түлік пен тамақ бағасы жергілікті әкімдіктің ұдайы бақылауында.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар 7 ақпаннан бастап Қазалы ауданының Ойынды елді мекені тұсындағы, "Мирас" кешеніне 135 жүк көлігі (фура) мен 35 жеңіл автокөлік тоқтатылды. Көліктерде 200-ге жуық адам бар. Жол полициясы қызметкерлері жолдың жабық екенін түсіндірді. Наразылық жоқ. Аудан әкімдігі кешен басшылығымен келіссөз жүргізіп, жолаушыларға тамақ арзан бағамен берілуде. Дәрі-дәрмек, ауыз су тегін үлестірілді. Азық-түлік қоры жеткілікті. Балалы жолаушыларға кешеннің қонақ үйінен тегін жатын орындар дайындалды, кезекшілік қойылған.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тек Арал, Қазалы емес, барлық ауданда жолаушыларға аудан әкімдіктері тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бақылауында. Боран басылып, жағдай тұрақталған соң автокөліктерге жол полициясы жол бастап, сапарын жалғастырады.

Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қызылорда облысы әкімдігі тұрғындардан қолайсыз ауа райына байланысты жолға шықпауды ескертті.

Қызылорда
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: