Қазір полиция осы іске қатысты қылмыстық іс тіркеп, тергеу амалдарын қолға алған. Бұл туралы "1001 түн" бағдарламасында журналист Қымбат Досжан айтты.
"Жәнібек 2023 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға анасын іздеу үшін аяқ басты. "Бүтін бір ұжым болып бір баланың анасын қалай таба алмай жатырсыңдар" деген біздің тарапқа сындар айтылып жатыр. Әрине, айтуға оңай. Біздің ұжым бір апта ішінде көптеген жұмыс атқарды. Біз перзентханада Жәнібекті 4-5 күн емізіп, ақ сүтін берген ананы таптық. Ол кісінің перзенханаға қалдырған қолхаты барына қарамастан ДНҚ сараптамасының нәтижесі нөл болды. Болжамды ана құжат бойынша іздеп келгенде, сол әйел. Сол секілді сол әйелдің есіміне ұқсас тағы бір әйелден анализ алынды. Ол да теріс шықты. Негізі, баланы сатқан әйел адам. Оны қазір қайда, қай жерде жұмыс істейтінін білемін. Қазір полиция ол кісімен де айналысып жатыр", деді Қымбат Досжан эфир барысында.
Айта кетсек, Жәнібектің анасына қатысты зерттеу жұмыстары әлі жалғастығын табуда.
Алдында ол Қазақстанға келіп, бірнеше телерадиобағдарламаға да қатысып, анасын таппай кеткен. 21 жастағы Эдди Жанға дүниеге келгенде Жәнібек деген есім берілген екен. Сондықтан барша Қазақстан халқы оны қазақша есімімен қабылдап, оған тілекші болуда. Алайда қазір Эдди Жан өзін Мұрат деп атайды. "Бармысың, бауырым?" хабарының жүргізушісі Қымбат Досжан оған анасын табуға көмектесіп жүр.