Су тасқыны: эвакуациялық пункттерде 6 мыңнан астам қазақстандық қалады

Жалпы республика бойынша 43 658 адам өз үйлеріне оралды. 6 032 адам эвакуациялау пункттерінде, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ТЖМ мәліметінше, Атырау облысы су тасқынына қарсы жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілуде. Исатай және Махамбет аудандарында жалпы ұзындығы 143 км қорғау бөгеттерін бекіту жұмыстары аяқталды.

Атырау қаласында, Индер және Құрманғазы аудандарында бөгеттерді бекіту жұмыстары жалғастырылуда. Жайық өзені бойына аэровизуалды барлау және су тасқыны жағдайы мониторинг жүргізілді. Құлсары қаласында су басқан аумақтардан еріген қар суының бағытын бұру және су сору жұмыстары жалғастырылуда.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысына Алматы қаласынан, Жетісу және Алматы облыстарынан көмекке барған төтенше жағдайлар министрлігі күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты орналасу орындарына қайтарылуда.

Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінің күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері Ақтөбе облысының Қобда ауданында жалпы ауданы 36,2 гектар су басқан аумақтарда дезинфекциялау жүргізілді.

7 763 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 14 мыңнан астам адам, 1 533 техника, 239 су сору құралы және 106 жүзу құралы, 5 әуе кемесі жұмылдырылды.

Шығыс Қазақстан облысының Алтай және Қатон-Қарағай аудандарында жаңбырдың көп мөлшерде түсуіне байланысты су тасқынына қарсы жұмыстары жүргізілуде. Жағдай бақылауда.

Бұған дейін ТЖМ өз үйлеріне 43 мыңнан астам қазақстандық оралғанын айтқан болатын.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: