Тылсым оқиға: ҰОС майдангері немересінің түсіне кіріп, қабірі қайда жатқанын айтқан

Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан қызылордалық майдангер немересінің түсіне кіріп, өзінің қайда жерленгенін айтқан. Бұл таңғажайып оқиғаны Жеңіс күні қарсаңында Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің еріктісі Айгүл Айтова айтып берді.

1941 жылы Ленинград маңында қайтыс болған соғыс майдангері Айтуған Меделхановтың туыстары екі жыл бұрын қоғамдық бірлестікке жүгінген. Туыстары оның қабірін іздеген, бірақ жерленген жері туралы ешқандай ақпарат таба алмаған.

Бірде Айтуған Меделхановты жиен немересі Жантас Батырханұлы түсінде көрген.

"Мен орманда кетіп бара жатып, қалың шөптің арасынан қаза тапқан сарбаздарға арналған ескерткіш тасты көрдім. Онда 7-8 адамның аты-жөні жазылған, арасында менің атам Айтұған Меделхановтың есімі де көрсетілген. Бір сәтте алдымнан атамның өзі шығып: "Мені ізде, сен мені таба аласың. Зубов деген адамды тапсаң, мені табасың, деп айтты", – дейді Жантас Батырханұлы.

Бірнеше жылдан кейін майдангердің туыстары оның жерленген жерін тапты – Санкт-Петербург маңындағы Колпино қаласы. Олар Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігіне жүгініп, бұл ақпаратты растауды сұрады. Айгүл ақпаратты растап қана қоймай, қазақстандықтың нақты қай зиратта жерленгенін тапты.

Сөйтіп, 2022 жылы Жантас Батырханұлы қызымен бірге Санкт-Петербургтегі жерлеу орнына барды. Алайда, бауырластар зиратындағы мемориалда Айтуған Меделхановтың есімі болған жоқ. Олар Колпинодағы тағы үш бауырластар зиратын аралап шығып, ешқайсында аталарының есімін тапаған.

Содан кейін Жантас Батырханұлы тағы да Айгүлге қоңырау шалып, жерленген сарбаздардың арасынан түсінде атасы айтқан Зубов тегін іздеуді сұраған. Ерікті алғашында бұл өтінішке күмәнмен қарады, себебі, Зубов тегі Ресейде кең тараған, бауырластар зиратында ондайлардың бірнешеуі болуы мүмкін. Дегенмен, ол Меделхановтың аты-жөні жазылған, үш мыңнан астам адамның есімі көрсетілген тізімді қарап шықты. Таңғаларлығы, аталған тізімде Зубов деген бір ғана сарбаз болды. Яғни, Зубов жерленген бауырластар зиратында Меделхановтың да жатқаны мұрағаттық құжаттардан да белгілі. Алайда, өкініштісі, оның есімі мемориал тақтаға жазылмай қалған. Жантас Батырханұлы бұл олқылықты түзеу үшін өтініш жазды.

"Atamnyn Amanaty" ақпараты бойынша, Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстаннан 271 мыңнан астам сарбаз хабар-ошарсыз кеткен. Қоғамдық бірлестіктің арқасында төрт мыңнан астам жауынгердің жерленген жері табылды. Оның 19-ы елге жеткізіліп, әскери құрметпен жерленді.

ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Еуропада жерленген қазақстандық жауынгерлердің деректер базасы құрылды. Онда қазірдің өзінде 20 мыңға жуық адам бар, еріктілер олардың туыстарын іздеуде.

"Бастапқы және кейінгі жерлеу орындары бар. Кейбіреулер туыстарының алғашқы жерленген жерін табады, кейін олардың қайта жерленгені анықталады. Оның үстіне, кейде бұрмаланған дәректермен жұмыс істеуге тура келеді. Адамдардың аты-жөндері қате жазылуы мүмкін", – деп түсіндіреді Айгүл.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: