БҚО-да тасқын салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр

Көктемгі су тасқыны көптің көңілін күпті еткені рас. Талай ауылды су басып, біраз жерлесімізді баспанасыз қалдырған топан су алғашқылардың бірі болып Бөрлі ауданына қарасты Ақсу ауылына кірді.

146 түтіні бар ауылдың көктемгі тыныш кешін арнасынан асқан Шыңғырлау өзені бұзды. Ауыл әкімі Ғарифолла Өтепбергеновтың айтуынша, елді мекеннің шығыснан тасыған су 78 үйге кіріпті.

"Арнайы комиссия 44 үйді жарамсыз деп таныды. 34 тұрғын су кірген үйін жөндеуге қажетті қаражатын алды. Он адам Ақсай қаласына көшеміз деп шешті. Жалпы мемлекет тарапынан берілетін барлық әлеуметтік көмек ауыл азаматтарына көрсетілді",–дейді Ғарифолла Өтепбергенов.

Сурет: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Тасқыннан зардап шеккен ақсулықтардың бірі – Ардақ Әдірахманова. Бес күн бойы үйі су астында тұрғанын айтқан Ардақ ханым тасқын кезінде ауылдағы уақытша орналастыру орнында тұрған. Абырой болғанда сапалы материалдан салынған үйі құламапты. Едендерін ашып, үй іргесі мен бөлмелерді кептіріп жатқан ауыл тұрғыны жер аяғы кеңіген соң жөндеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр.

"Осыдан бір апта бұрын үй жөндеуге қажетті қаражат түсті. Керек деген құрылыс заттарын алып келдік. Күн ысып, бөлмелердегі ылғал кепкен соң жұмысымыз басталады",–дейді Ардақ Әдірахманова.

Сурет: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Қазіргі таңда ауылда 23 жаңа үй салынып жатыр. Баспаналардың іргетасы құйылды. Үйі жарамсыз деп танылған Ақсу ауылының тұрғыны – Бөтагөз Төртбаева. Қырық жылдан бері аталған ауылда тұратын оның отбасы осы кезге дейін уақытша орналыстыру орнын паналаған.

"Үйіміз суға кеткені көңілімізді түсіргені рас. Бірақ елдің көмегін сезініп отырдық. Тамақтан таршылық көрмедік, киім-кешекке дейін алдық. Жаңа баспана қашан тұрғызылып болар екен деп алаңдаған едік. Іргетасын құйып жатыр. Ол бізге үміт сыйлады. Оқу жылы басталғанша жаңа үйге кіреміз деп сенеміз",– дейді Ботагөз Төртбаева.

Сурет: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: