Вашингтонда қазақ балабақшасы ашылды

АҚШ астанасы Вашингтонда қазақ балабақшасы ашылды. Бұл осы елде биыл іске қосылған екінші қазақы орталық. Себебі, балаларының тілі ана тілінде шыққанын қалайтын қазақ отбасылары көбейіп келеді.

Ұлттық балабақша болған соң сабақтары да салт дәстүрмен байланысты. Балалар қазақы тағам түрлерін көзбен көріп қана қоймай дәмін де татып көреді. Яғни, кез келген тәрбие түрі мейлі ол оқу болсын мейлі ойын болсын төл танымға негізделеді, деп жазады qazaqstan.tv.

Сол себепті де жиырма жылдан бері Америкада тұрып жатқан үш баланың анасы Мәдина Тоқтар кенжесін балабақшаға алғашқылардың бірі болып әкелді.

"Өкінішке орай біздің екі баламыз ағылшын балабақшаға барды. Ол кезде қазақы балабақша болмады. Енді ашылды. Енді баламыз ана тілін үйренеді, қазақтармен ойнайды. Қуаныштымыз." Мәдина Тоқтар, ата-ана

Қазақы балабақшаны ашып, ұлттық тәрбие беруді қолға алған Әсел Күзеухан. Бірінші кезекте шетелде туған балалары қазақ тілінде тәрбие алса деп армандайды. Бірақ, ешбір орталық таппаған соң екі жыл қамданып, маңызды жобаны өзі іске асырды. Айтуныша, Вашингтон аймағындағы алғашқы қазақ балабақшасына ата-аналар таранынан қызығушылық жорағы.

"Біздің мына тұрып жатқан жерімізді қарасаңыз мини Қазақстан деуге де болады. Соңғы уақытта Америкаға келіп өмір сүретін қазақтар өте көп. Біздің айналамыздың өзінде отыз қырық отбасы тұрамыз. Солардың өзінің көбі балаларын қазақ балабақшасына бергісі келеді." Әсел Күзеухан, балабақша меңгерушісі

Америкада балабақшалардың ай сайынғы төлемі өте қымбат, екі мың доллардың айналасында. Оның өзінде көбінде балаларға ыстық тамақ берілмейді. Ал, қазақ балабақшасының құны едәуір арзан әрі ұлттық мәзірге негізделген үш мезгіл тағамы бар. Осылайша дәмін де тәлімін де ұлттық дәстүрмен ұштастырған.

Ал келешекте Әсел Күзеухан домбыра және би үйірмесін қоса ашып, балабақшаны үлкен қазақы орталыққа айналдыруды көздеп отыр.

АҚШ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: