Ерлан Карин EGEMEN QAZAQSTAN газетінде шыққан мақаласында былай деп жазады:
Еліміз Тәуелсіздігін жариялап, шекарасын шегендеп, мемлекеттік институттары мен заңнамалық базасын қалыптастырғаннан кейін ұлттың саяси миссиясы аяқталды деп санайтындар бар. Бұл – түбірімен жаңсақ пікір. Алдымызда қастерлі тәуелсіздігімізді қорғау, мемлекетімізді дамытып, оны қуатты елге айналдыру, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттер тұр.
Бірегейлігімізді және өзіндік өмір салтымызды сақтау – ішкі саясатымыздың күн тәртібінде тұрған басты міндет. Бұл – бізді басқа елдерден, басқа халықтар мен басқа мәдениеттерден ерекшелеп тұратын құндылықтар, яғни жұртымыздың тамыры терең шежіресі, көп ұлтты, көп тілді сипаты, діни толеранттылығы және мәдениетіміздің әр алуандығы, бір-бірімізбен тіл табыса білуіміз, өзара қолдау көрсетуіміз және ырысты ынтымағымыз. Осының бәрі тұтаса келгенде, Қазақстанның өмір салтын танытады. Бір сөзбен айтсақ, біз озық ойлы ұлт ретінде әрдайым стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып, ұлттық мүддеміз бен өмір салтымызды дәйекті әрі табанды түрде қорғауымыз керек.
Біз сырттан келетін арандатушыларға ілесіп, жат ақпарат пен идеологияның жетегінде кетпегеніміз жөн. Ішкі саясатта тек өзіміздің күн тәртібімізді басшылыққа алуымыз қажет. Бұл – біреуге немесе бірдеңеге қарсылықтың емес, керісінше, игілік пен ырыстың жолы. Біздің ішкі күн тәртібіміз жасампаздыққа негізделген, ол жаңа қоғам құруды, жан-жақты жаңғыруды және реформалар жүргізу мақсатын көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өз ұстанымдарын және ұлттық мүддесін бәрінен биік қоюы қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мәселен, жуырда Сингапурға сапары кезінде арнайы дәріс оқып, біздің бүкіл әлеммен өзара ынтымақтастық орнатуға ашық екенімізді, бірақ Қазақстанның заңды құқықтары мен мүддесін қорғауға келгенде ешқашан қарап қалмайтынымызды қадап айтты. Президент еліміздің бейтарап ұстанымы қақтығыс пен мәжбүрлеуді емес, дипломатия мен диалогті жақтайтын саналы таңдау екенін атап өтті.
"Қазақстан ішкі және сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз, ең әуелі, ұлт мүддесін, төл ұстанымдарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге әсте болмайды. Көп векторлы немесе бейтарап саясат жүргізу оңай әрі ыңғайлы деген пікір бар. Бұл шындыққа жанаспайтын дилетанттық тұжырым деуге болады. Қазақстан көп векторлы, салиқалы саясат жүргізіп отыр. Мұндай саясат ұстану, әсіресе жер жүзі сан тарапқа бөлінген қазіргі кезеңде өте қиын және орасан зор күш-жігерді талап еді." Ерлан Карин
Осындай саясат жүргізу оңай емес екені анық. Бірақ геосаяси орнымызды ескерсек және еліміздің мүддесін ойласақ, бұдан басқа жол жоқ. Сондықтан қазіргідей қиын кезде ұлттық мүддемізді қорғап, өз ұстанымдарымызды сақтау үшін ел бірлігін және қоғамның тұтастығын нығайта түсу айрықша маңызды.