Ерлан Карин EGEMEN QAZAQSTAN газетінде шыққан мақаласында былай деп жазады:
Ерлан Каринның сөзінше, қазір мемлекеттік қызметшілердің мүлде жаңа ахуалда жұмыс істеуіне тура келіп отыр. Бір жағынан, мемлекет олардың біліктілігіне, моральдық ұстанымы мен мінез-құлқына, тіпті процессуалдық-нормативтік міндеттеріне қатысты талаптарды күшейтіп жатыр. Екінші жағынан, халықтың да сұранысы арта түсті. Мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істей бастады. Түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар немен айналысып жатқанын елге көрсетіп, қызметін жан-жақты түсіндіру үшін көпшіліктің алдына жиі шығатын болды.
Соның нәтижесінде мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілі өзгеріп, билік құрылымдары барынша ашық, ал шешім қабылдау үдерісі жариялы әрі тиімді бола түсті. Бұл, әсіресе таяуда болған алапат тасқын кезінде анық байқалды. Төтенше жағдай кезінде арнаулы апаттық-құтқару қызметтері, жергілікті әкімдіктер күндіз-түні жұмыс істеді. Мемлекет басшысы және Үкімет деңгейінде бірнеше шұғыл жиналыс өтті. Президент жағдайды бақылауда ұстау үшін қарғын судан ең қатты зардап шеккен аймақтарға арнайы барды. Жалпы, Мемлекет басшысының осындай төтенше жағдайлар кезінде қиындыққа тап болған отандастарымызбен үнемі кездесіп, сын сағатта оларға қолдау көрсетуге тырысатынын атап өткен жөн.
Мемлекеттің ең басты міндеті – адам өмірін сақтау және қиын жағдайға ұшыраған азаматтарды құтқару. Сондықтан ең алдымен, барлық күш халықты қауіпсіз жерге көшіруге жұмылдырылды. Нәтижесінде, алапат тасқын кезінде құтқарушылар 119 мыңнан астам адамды, соның ішінде 44 мыңнан астам баланы эвакуациялады.
Төтенше жағдай болған кезде билік барлық жауапкершілікті өз мойынына алып, қиын сәтте жедел әрі нақты шешім қабылдай алатынын тағы бір мәрте көрсетті. Мемлекеттің басқа да көптеген міндеті бар. Билік құрылымдары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап елді мекендерді абаттандыруға дейінгі сан түрлі мәселемен қатар айналысып, күнделікті міндеттерінің бәрін үздіксіз атқара береді.
Мемлекеттік аппарат қоғамның барлық саласындағы өзекті мәселелерді шешумен де, ауқымды реформаларды жүзеге асырумен де қат-қабат айналысу арқылы жаңа жағдайда жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтап жатыр. Бұл тәжірибе Мемлекет басшысы айқындап берген, елімізді жан-жақты жаңғыртуға қатысты міндеттерді табысты орындауға септігін тигізері сөзсіз.