Ыстықта қалай киінген дұрыс – дерматологтың кеңестері

"Қазгидромет" маусым айында ауа райының 40 градусқа дейін көтерілуін болжап отыр. Кейбір аймақтарда нөсерлі жаңбыр жауатынына қарамастан, температураның төмендеуі күтілмейді.

Ал ғалымдардың ұзақ мерзімді болжамын ескерсек, биылғы жаз ауа райын бақылау тарихындағы ең ыстық болуы мүмкін

Дегенмен, дұрыс таңдалған киім аптап ыстыққа төтеп беруге көмектеседі. Дерматовенеролог Ирина Сегут ыстық күнде қалай киіну керектігін айтып берді. Жазға арналған киімді таңдағанда, белгілі бір ережелерді ұстанған жөн. Біріншісі – киімнің материалы.

"Жазға арналған киімдер, әрине, салқындық сезімін бере алатын табиғи және ауа өткізетін маталардан болуы керек. Зығыр жақсы, бірақ оның бір кемшілігі – қатты мыжылады, сондықтан аралас маталар дұрыс, мысалы, мақта араласқан зығыр. Табиғи жібек те ыстық және ылғалды ауа райына аса төзімді. Бірақ ең жақсысы – мақта. Матаның құрамы ауаның айналуына мүмкіндік береді, ысып кетпеуге көмектеседі және қалыпты дене температурасын сақтайды", – деді Ирина Сегут.

Ол тығыз материалдар мен синтетикалық маталардан бас тартуды ұсынады, өйткені олар дененің жылу тепе-теңдігін бұзады және ылғалдың булануына жол бермейді. Бұл тершеңдік жоғарылаған жерлерде флораның көбеюіне әкеледі, теріде жағымсыз иіс пен тітіркенуді тудыруы мүмкін.

"Сондай-ақ, мұндай киімдер сау адамдарда да дерматит пен саңырауқұлақ ауруларын тудыруы мүмкін. Синтетикалық маталардың ең қауіпті кемшілігі – әртүрлі химиялық заттардың көп мөлшері. Бұл да денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Мысалы, демікпесі бар немесе аллергияға бейім адамдардың ауруы асқынуы мүмкін", – дейді дәрігер.

Жазғы гардеробты таңдағанда, киімнің пішімі мен түсіне де назар аудару керек.

"Бос тұратын киімдерге артықшылық беру керек. Олар киім мен тері арасында ауа кеңістігін қамтамасыз етеді, жылу алмасуды жақсартады және салқындық сезімін береді. Киімнің түсіне келетін болсақ, ақ, сарғыш, ашық сұр, ашық жасыл түстерді таңдаған жөн. Ал қара киімдер күн сәулесін сіңіріп, денені қыздырады. Сондай-ақ, теріні ультракүлгін сәулелердің зиянды әсерінен қорғау қажет. Ол үшін жеңі ұзын киім мен жеңіл шалбар жарайды", - деп кеңес берді дерматолог.

Бұдан бөлек, ол жазда ауыр джинсы маталарынан тігілген киімдерден бас тартуды ұсынды.

"Джинсыды деним материалынан жасайды. Ол ең тығыз маталардың бірі және жазда қатты ыстықтатады. Әсіресе, жабысып тұратын түрі болса. Ыстық күнде джинсыды мақта немесе зығырдан жасалған бос шалбармен ауыстырған дұрыс. Бірақ, егер сіз джинсыдан бас тарта алмасаңыз, онда ауа жақсы айналатын кең модельдерді таңдаған жөн", – дейді Ирина Сегут.

Сонымен қатар, дерматолог жұмыста қатаң дресс-код сақтауға мәжбүр адамдарға да кеңес берді. Бастысы, полиэстер, вискоза және полиамид қосылған жасанды материалдардан тігілген киімдерден аулақ болу қажет.

"Ерлердің стилін ыстыққа бейімдеу, әрине, әйелдердікіне қарағанда қиынырақ. Дегенмен, жеңі қысқа ашық түсті мақтадан тігілген жейделер жарайды. Астыға ашық түсті маталардан тігілген және жасанды материалдар қосылмаған шалбар болады", – деді маман.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: