Арапа күні не істеу керек: оқылатын дұғалар мен жасалатын амалдар

Мұсылман күнтізбесі бойынша, арапа күнінің уақыты – зүл-хижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Қасиетті күнді қалай өткізген дұрыс, қандай амалдардан сақ болған жөн. Сондай-ақ, сауабы көп амалдар мен дұғалар тізбесі Zakon.kz тілшісінің материалында.

Арапа анықтамасы:

Дінімізде "Арапа" сөзі қасиетті ұлық мерекенің бастауын білдіреді. Ислам тарихына үңілсек, бұл күннің бастауы сонау Ибраһим пайғамбардың өмір тарыхынан маңызды кезеңді еске түсіреді. Яғни, зүлхиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласы Исмайылды шалып жатқанын көреді. Әуелде бұған аса мән бере қоймайды. Көрген түсін жәй түс болар деп ойлаған Ибраһим пайғамбар ертесіне мұны тағы көреді. Осыдан кейін көрген түсін "жәй емес" Алладан келген "аян" екенін анық біледі.

Міне, осы себепті зүлхиджа айының сегізінен тоғызына қараған уақыт – "Арапа" (арафа) күні деп аталған. "Арапа" сөзінің тілдік мағынасы білу, тану, анықтау дегенді қамтиды.

Арапа күні қажылық парызын өтеуге барған адамдар түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтап, таудың етегінде намаз оқиды. Меккеден Арафат тауына дейінгі аралық жол 7 сағатты құрайды. Бұл сапарға аттанған адам тауға жаяу жүріп көтерілуі шарт. Арафат тауында тұру – қажылықтың негізгі бөлігі, онсыз қажылық жасалды деп есептелмейді.

Арафат – Аллаға жалбарынып, күнәларына тәубе ету үшін пенделердің жиналатын мекені. Сол жерде құлдар әлсіз, мұқтаж күйде Алланың алдында күнәларының кешірілуін үмітпен тілейді. Жүректер мен көздерден жас төгіліп, тәубе етіліп, Хақ Тағалаға шын жүректен жалынады. Сөйтіп Алла Тағала сол құлдарының тәубесін қабыл қылып, өмір дәптерлерінде тап-таза беттер ашылады.

Арафат тауының тарихы сонау Адам атамен ұштасады.

Биылғы жылғы Арапа күні қай күнге түсіп тұр?

Арапа – күллі мұсылман жұртының мейрамы Құрбан айттың алдындағы күн. Яғни, 2024 жылы 15 маусымға тура келіп тұр. Ал, 16 маусым Құрбан айт мерекесі.

Арапа күні қандай ізгі амалдар жасаған дұрыс?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Алла Тағала қадірлеген күн" (Дәйләми) деген.

Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намазда еркек-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала "Аллаһуммә әнтәссәлам..." дұғасын оқымай тұрып, уәжіп болған тәшриқ тәкбір дұғасын (жеке оқыса да, жамағатпен оқыса да) дауыстап оқулары керек. Әйел адамдар дауыстарын шағырмай, іштерінен оқиды. Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады.

Арапа күні ораза ұстау қажет (сүннет) амал. Өйткені, ораза – нәпсі тәрбиесінің негізі. Хадистерде Арапа күні ораза тұтудың сауабы мол және күнәларымыз кешірілетінін жеткізген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күні ораза тұтушыға Адам пайғамбардан (яғни алғашқы адамнан) Қиямет сырнайы үрленгенге дейін, өмір сүрген бүкіл адамдар санының екі есесіндей сауап жазылады" - деген. Тағы бір риуаятта, момындардың анасы Айша (Алла оған разы болсын) Масрукқа: "Ей Масрук, сен Расулуллаһтың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Арапа күні оразаны мың күнмен салыстырғанын естідің бе?" деді. (Байхаки, Табарани).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа күні ұсталған ораза 1000 күн тұтылған (нәпіл) оразаға тең" (Табарани) деген.

"Арапа күні ораза тұтқан адамдардың екі жылдық күнәлары кешіріледі. Бірі, өткен жылғы, екіншісі, келер жылдың күнәлары" яғни, осы күні тұтылған ораза өткен және келер жылда жасалатын тәубелердің қабыл болуына себепші болады. (Муслим)

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: "Дұғаның абзалы – Арапа күнінің дұғасы және мен әрі менен бұрын болған пайғамбарлардың айтқан дұғаның абзалы – Алла Тағаладан өзге тәңір жоқ. Ол – жалғыз. Оның серігі жоқ. Иелік және мақтау Алла Тағалаға тән әрі Ол барлық нәрсеге құдіретті". Сол үшін осындай қасиеті мол күнді бос өткізбей, дұғамен күнімізді берекелі еткен жөн болады. Дұғамыз арқылы еліміз бен жеріміздің, жанұямыз бен ағайынның амандығын тілеу қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға" (Бәйһақи) дейді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары –жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері", - деген. Демек күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Сол үшін Арапа күні мейірім есігі ашылған кезде, Аллаға тәубе жасап, күнә-қателіктеріміздің кешірілуін сұрайық. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Арапа – өте құнды күн. Ол күні мейірім есіктері ашылады" деген. (Дәйләми)

"Төрт түннің күндізі де түні секілді құнды болып келеді. Алла Тағала ол күндері дұға еткен адамның тілегін кері қайтармайды, оларды кешіреді және олар бұл күндерде мол ихсанға қауышады. Бұлар: Қадір түні, Арапа түні, Бәрат түні, жұма түні және күндері" (Дәйләми)

Кешірім – иманның шынайы көрінісі. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқан: "Кешіре әрі райдан қайта біліңдер, өйткені кешірім мен мейірімділік таныту пенденің маңыздылығын арттыра түседі. Егер Алланың сізді ұлықтауын қаласаңыз, онда өзгелердің де күнәларын кешіріңіз".

Ендеше, Алланың шарапатымен, кешіре алатын мұсылман жұмақтағы Кәусәр бұлақтан су іше алады, Алла оны ұлықтайды, Қиямет күні өзі кешіріліп, жоғары дәрежеге ие болады. Ал кімде-кім мейірімділік танытпаса, мұның бәрінен құр алақан қалуы ықтимал. Осынау Алла қадірлі еткен күнде маңайымыздағы жандардың барлығын кешірсек, Алла бізді де кешіреді.

Арап күні қандай амалдардан аулақ болу керек?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ағы бір өсиетінде: "Арапа күні құлағына, көзіне және тіліне ие болған адам кешіріледі" (Табарани) деген.

Құлағына ие болу – ғайбат, мәні жоқ жаман өлеңдерді тыңдамау деген сөз. Егер бұлар біздің қалауымыздан тыс құлағымызға келетін болса, бізге күнә болмайды.

Көзге ие болу – харам нәрселерге қарамау және мубах нәрселерден ғибрат алу деген сөз.

Тіліне ие болу – өтірік, өсек, сөз тасу, жаман сөз, тіпті, бос сөзден тыйылу, ешкімді тілімен ренжітпеу дегенді білдіреді. Осы аталғандарға мойынсұнып жүрген адам Арапа күнін құрметтеген болады.

Сондықтан, бұл күні жасалған игі істер үшін сауаптар бірнеше есе артады және оның шын мәніндегі көптігін Алладан басқа ешкім білмейді. Сол сияқты бұл күні жасалған күнәлардың да жазасы бірнеше есе артады.

Арапа күні оқылатын дұғалар:

Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл күні мына бір зікірді қайталап айта беретін:

Лә иләһа иллә-Ллаһ, уахдаһу лә шәрика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамд, уа һууа ‘алә кулли шәй-ин қадир.

"Алладан басқа құлшылық етуге лайықты ешкім жоқ! Ол Жалғыз, әрі Оның серігі жоқ. Бүкіл билік пен мақтау Оған тән, Оның барлық нәрсеге құдіреті жетеді!" (муснад Ахмад, мәжмағз Зәууайд, ІІІ том 252-бет)

Хадисте осы дұғаны (зікірді) бір рет айтқан адам бір құл азат еткендей сауап алады делінген, яғни қанша рет айтса, сонша құл азат еткендей болады. Арафат күні осы зікірді көбейту, Алла қаласа, құлдың өз басын тозақтан азат етуіне себеп болады. Сондай-ақ, бұл күні адамдардың барлығы тозақтан босатылатын күн болып табылады.

Сондай-ақ, бұл күні айтылуы тиіс ең жақсы сөз бар. Абдуллаһ ибн ‘Амрдан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Ең жақсы дұға – бұл Арафа күнгі дұға, ал мен және (маған дейінгі) пайғамбарлар Арафа күні айтқан ең жақсы дұға:

"Жалғыз, серігі жоқ Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ! Бүкіл билік және мақтау Оған тән, әрі Ол бүкіл болмыс үстінен құдіретті", – деген (Тирмизи).

Тәшриқ тәкбірі: "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд"

Мағынасы: Алла Ұлық, Алла Ұлық! Алладан басқа құдай жоқ және Алла бәрінен де Ұлық! Алла Ұлық әрі күллі мадақ-мақтаулар тек Аллаға тән!

Жиі қойылатын сұрақтар:

Арапа күні қажылыққа бармағандар дұға жасай ала ма?

Имам әл-Баджи былай деген: "Арафа күнгі дұға – ең жақсы зікір, ол үшін берілетін сый-сауап (басқалардан) көбірек әрі ол қабыл болуға жақынырақ. Хадисте тек қажылық жасаушылар туралы айтылып тұрған болуы әбден ықтимал, өйткені, дәл солар Арафа күні дұға етіп жалбарынады". Алайда кейбір сахабалар бұл артықшылық көбірек қажылық жасаушыларға қатысты болғанына қарамастан, тек олармен ғана шектелмейді деп есептеген және қажылық жасамайтындар да Арафа күні мешіттерде, үйде Аллаға дұға етіп жалбарынулары керек деп санаған.

Арапа күні үй тірлігімен айналасуға бола ма?

"Арапа күні кір жууға,үй тазалауға,тырнақ алуға,шаш қиюға болмайды деген нәрселер шариғатымызда мүлдем жоқ. Бұл қазақтың ырымдары",-ҚМДБ.

Сондай-ақ, бұл күн тек құлшылық күні ғана емес, "Құрбан айт" мейрамына дайындық күні. Отандастарымыз әдетте дайындықты ұлттық тағамдарды жасаудан бастайды. Мәселен, соның бірі - бауырсақ. Қонақ күтуге дайындық жасалғанда, бауырсақ, шелпек пісіру ең алдымен аталады. Әрине, бұл шариғатымызда тыйым салынбаған тамаша үрдіс. Ардақты Пайғамбарымыз бір хадисінде (с.ғ.с.) "Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағын қадірлесін" деген. Ендеше, әр ұлт немесе халық өз қонағын әр түрлі қадірлейді.

"Құрбан айт" ұлық мейрамына қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауабын, оқылатын дұғаны, құрбандық малына қатысты маңызды ақпараттарды мына жерден оқи аласыз.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: