Қария 1922 жылы 6 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Ізгілік Нұрмағамбетұлы бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнаған кісі.
Ізгілік Дабаевтың әскери білімі оған майданда взвод командирі болуға мүмкіндік берді. Ерлігі мен батылдығының арқасында майор атағын алды. Ардагердің жауынгерлік өмірбаяны 1941 жылы 24 сәуірде Ақтөбе аудандық әскери комиссариаты шақырған кезден басталады. 1941 жылдың маусымынан 1945 жылдың 28 сәуіріне дейін ол 101-ші атқыштар бригадасының құрамында батальон командирінің орынбасары қызметін атқарды.
Дабаев Мәскеуден Берлинге дейінгі ұзақ та, ауыр жолды жүріп өтті.
4-ші танк армиясының құрамында Орел-Курск доғасындағы шайқасқа қатысып, Калинин, Брянск, Беларусь және 1-ші Украин майдандарында шайқасты. Майдан даласында екі рет жараланып, контузия алды.
Майдангер ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Германияны жеңгені үшін", "Берлинді алғаны үшін", "Жауынгерлік еңбегі үшін" медальдарымен, Минск пен Смоленскіні азат еткені, Курск доғасындағы шайқасқа қатысқаны үшін және басқа да көптеген мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Ізгілік Дабаев әскери қызметшілерге Ржев маңындағы шайқастар туралы айтты. "14 айға созылған ұрыста ротамдағы екі жүз жауынгерден 25 адам ғана аман қалды", деп еске алды ардагер. Оның көз алдында батальон комиссары Төлеген Әлшімбаев пен бригада командирінің орынбасары Жармұхамбет Мейірманов ерлікпен қаза тапты.
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Соғыстан кейін Ізгілік Дабаев журналистикамен айналысып, КСРО Журналистер одағының мүшесі болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің марапаттау бөлімін басқарды. Ол Леонид Брежнев және Дінмұхамед Қонаев сияқты танымал саясаткерлермен кездесті. "ХХ ғасырдағы көрнекті қайраткерлердің портреттері" кітабында Әліби Жангелдин, Әбілхан Қастеев, Жамбыл Жабаев, Ахмет Жұбанов, Жұмабай Шаяхметов және Кемел Тоқаев туралы естеліктері жарияланған.
Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері жасына қарамастан, белсенді. Ақсақал үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ізгілік Нұрмағамбетұлы әскери қызметшілермен ұзақ өмір сүру құпияларын бөлісті. Оларды тәртіпті қатаң сақтап, дұрыс тамақтанып, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Соғыс ардагерінің ерлік пен төзімділікке толы тарихы жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.