Лаки Кесоглу жаңа орденмен марапатталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мәдениет пен эстрада өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Халық артисі Лаки Кесоглу I дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев дарынды әншіге марапатты табыстап, ел Президентінің атынан 85 жылдық мерейтойымен құттықтады.


"Табиғи талант пен қажырлы еңбектің арқасында сіз үлкен шығармашылық жолдан өттіңіз, эстрадалық сахнада кәсіби деңгейде танылуға және табысқа қол жеткіздіңіз. Елімізде және шетелде көптеген жанкүйер сізді жоғары орындау мәдениеті, мәнерлі лирикалық теноры, әртүрлі жанрлар мен стильдегі әндердің мол репертуары үшін жақсы көреді және бағалайды. Сіздің өнерге қызмет етуіңіз, мәдени және рухани мұраны арттыруға, дарынды жастарды тәрбиелеуге қосқан зор үлесіңіз үлкен құрметке лайық", - делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.

Лаки (Пантелей) Кесоглу 1939 жылы туған, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияны "Опера, концерттік әнші, оқытушы" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1967 жылы консерватория жанындағы опера студиясының солисі қызметінен бастаған. 1970 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада артистердің байқауында дипломант болды. 1972 жылдан 1998 жылға дейін Қазақ телевизиясы мен радиосы эстрадалық-симфониялық оркестрінің жетекші солисі болып жұмыс істеді. Осы кезеңде ол Мәскеудегі Одақтар үйінің Колонна залында дирижерлер Ю. Силантьев, в. Людвиковский, Б. Карамышев, Г. Гаранян, Ю.Михайлов, В. Мещериннің жетекшілігімен Бүкілодақтық радионың үздік оркестрлерімен бірге Кремль Съездер сарайында, "Ресей" концерт залында және т.б. өнер көрсетті.

Лаки Кесоглу өзінің мансабында кеңестік және грек әндері бар бірнеше граммофон күйтабақты, сондай-ақ "Капризная погода" жазбасын жазды, онда танымал қазақстандық авторлар Тілес Қажығалиев, Алмас Серкебаев, Эдуард Богушевский және т.б. әнін орындады.

Сонымен қатар, Лаки Константинович Қазақстан меценаттарының "Тарлан" жоғары музыкалық сыйлығының иегері, II дәрежелі "Достық" (2004 ж.) және "Парасат" (2019 ж.) ордендерімен марапатталған. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: