Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті XXII сессиясы өтіп, депутаттар мегаполис аумағында сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін ай сайынғы төлемнің жаңа мөлшерлемесін бекітті.
Өзгеріс LED-экран түріндегі нысанға жарнаманы орналастыру үшін ай сайынғы төлемге әсер етті. Бұрын Салық кодексінің мөлшерлемесіне сәйкес жарнаманы орналастырғаны үшін ай сайынғы төлем – 20 АЕК (73 840 теңге) болса, енді мәслихат шешіміне сәйкес "А" санатына жататын көшелерде орналасқан нысандар бойынша ай сайынғы төлем – 40 АЕК (147 680 теңге) болады.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев айтқандай, ай сайынғы төлемнің базалық мөлшерлемесінің өсуі Алматының еліміздегі ең ірі мегаполис болуына және ашық кеңістікте орналастырылған жарнаманың әлеуетті тұтынушыларының көптігіне байланысты.
Сонымен қатар, ол бұл нысандар электр қуатына, жер учаскелеріне қосымша жүктеме түсіретінін, сондай-ақ ретсіз көрініс тудыратынын атады, тиісінше бұл шығындар төлем мөлшерлемесінің өсуі арқылы өтелуге тиіс.
"Қала аумағында 825 LED-экран бар, оның 728-і "А" санатына жататын көшелерде орналасқан. Бұл ретте, бір LED-экранда ай сайын 10-нан 15-ке дейін жарнама беруші өнімін орналастырылады. Мөлшерлеменің өзгеруі жергілікті бюджетті айына 55,9 млн теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді", — деді Нұрлан Боранбаев.
Оның айтуынша, қала кәсіпкерлеріне осы өзгерістерді биыл ақпан айында хабарланған. Қаулының тиісті жобасы "Ашық НҚА" сайтында көпшілік талқылау үшін жарияланды.
Бұған қоса, өтпелі кезең беріледі, жаңа мөлшерлемелер осы жылдың қараша айында күшіне енеді.