Маңғыстаудағы оқушылардың жаппай улануы: екі бала жансақтау бөлімінде жатыр

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мектеп асханасында уланып қалған Бесшоқы ауылының балалары қазір емделіп жатқан ауруханада барды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Медициналық мекемеде қазір 1-4 сыныптың 67 оқушысы бар. Екі бала жансақтау бөлімінде жатыр.

"Ауруханада тиісті ем көрсетіледі. Ауруханада дәрі-дәрмек, төсек-орын жеткілікті. Ең бастысы – балалардың денсаулығы. Біз науқастардың тезірек сауығып кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Алдағы уақытта осы жағдайға байланысты тиісті шаралар мен шешімдер қабылдаймыз", - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Өңір басшысы жауапты тұлғаларға балаларға барлық қажетті көмек көрсетуді және ауруханадағы жұмыс режимін күшейтуді тапсырды. Ол оқиғаның мән-жайын облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел штаб тексеріп жатқанын айтты.

Мұнайлы ауданы тұрғындарының шақыртуларына жедел қызмет көрсету үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының 12 негізгі және төрт қосымша бригадасы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Мұнайлы орталық аудандық ауруханасынан төрт дәрігер бригадасы мен Ақтаудан жеті бригада жұмылдырылды.

Еске салайық, бұған дейін мектеп асханасында балалар уланып, 140 баланың медициналық көмекке жүгінгенін жазған едік. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақмарал Әлназарова мектеп оқушыларының емделуін бақылауға алды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: