Мемлекеттік кеңесшісінің сөзінше, бүгін – өте маңызды күн. Еліміздің әр азаматы өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, өз дауысын бере алады. Сонымен қатар, Карин ерте келіп дауыс беруінің сырымен бөлісті.
"Сайлау учаскесіне таңнан келіп, дауыс беру әдетіме айналған. Сонымен қатар, өте ыңғайлы. Адамның легі аз. Одан кейін өз жеке жұмыстарыңмен де айналыса беруіне уақыт бар. Мысалы қазір мен достарыммен кофеханада кездесемін. Сондықтан ерте келіп дауыс беру мен үшін дәстүр емес, бала кезімнен қалыптасқан әдет." Ерлан Карин
Сурет: Zakon.kz
Ерлан Қариннің айтуынша, бүгінгі референдум еліміздің болашағын айқындау тұрғысынан өте маңызды.
"Мен өз тарапымнан референдумға шығарылатын мәселенің ғана емес, оны өткізу фактісінің де маңыздылығын атап өтер едім. Мен үшін, саяси сарапшы ретінде, біріншіден, ТМД мен Орталық Азияда Қазақстан осындай мәселе бойынша референдум өткізетін бірінші және жалғыз мемлекет.Бәлкім, ТМД-да ғана емес, кеңірек геосаяси ортамызда да болар", — деп өз пайымымен бөлісті сарапшы.
Еске сала кетейік, дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.
Референдумға 30 шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымның (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан 177 байқаушы қатысады.
Дауыс беру барысын 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, соның ішінде Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан орталық сайлау органдарының төрағалары да бақылап отыр.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 37 елден 200 шетелдік журналистерді аккредиттеді, олар да республикалық референдумды бақылап, ақпарат таратады.
Елімізде барлығы 10 323 сайлау учаскесі жұмыс істейді, сонымен қатар, 59 елде шетелдік мекемелерде ашылған 74 сайлау учаскесі бар. Референдум нәтижелері дауыс беру күнінен бастап жеті күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.