Ведомство облыстың таулы аймақтарында қар көшкіні жүру қаупі барын хабарлады.
"Алматы облысының таулы аймақтарында 2-5 желтоқсан аралығында қар көшкіні жүру қаупі сақталады. Төтенше жағдайлар департаменті қар көшкінінің ықтимал арандатылуына байланысты азаматтарды, туристер мен демалушыларды қар басқан беткейлерге шықпауға шақырады. Таулы аймақтарда барлық қауіпсіздік шараларын ұстануға үндейді. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі
Ақпаратқа сәйкес, Алматы облысының аумағында қар көшкіні жүруі мүмкін 55 аумақ бар, олар Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай өңірлерінде Іле-Алатау тау жотасының оңтүстік беткейінде орналасқан.
"Негізінен қар көшкіні ауа температурасының көтерілуіне және жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашынның көп түсуіне байланысты болады", — деп түсіндірді Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
2024 жылдың 27 қарашасында Есік көлі мен Ассы обсерваториясына баратын жолдар қыс бойы жабылатыны белгілі болды.