Облыс әкімінің айтуынша, өңірде тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Тараз қаласында жаңа шағынаудандар бой көтеріп келеді. Қазір 3 709 пәтерлі 78 тұрғын үй салынып жатыр, жыл соңына дейін 2 024 пәтер (41 тұрғын үй) қолданысқа беріледі.
Облыста көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 млрд теңгеге 1 575 пәтер сатып алынды.
Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға бюджеттен екі есе көп қаражат бөлінді: 2023 жылы – 23,2 млрд теңге, 2024 жылы – 40,8 млрд теңге.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жалпы құрылыс және сатып алу есебінен халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 1 963 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық. Сонымен бірге "Әулие ата жастары" жобасы аясында 140 жас отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырады.
Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдерін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары туралы хабардар етті.
Биыл 21,5 млрд теңгеге 68 жоба жүзеге асырылуда (22 АЕМ – сумен жабдықтау нысанының құрылысы, 15 АЕМ – кешенді блок-модульді орнату). Жыл қортындысына сәйкес халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,1 пайызға дейін көтеріледі.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі ОКҚ мінберінде сөйлеген сөзінде көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген Мойынқұм ауданы елді мекендерін газдандыру бойынша ауқымды жобаның бастау алғанын айтты.
Жамбыл облысында 285 ауылдық елдімекен (1, 113 млн. тұрғын) көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы 12 жоба аясында үш елдімекен (5,0 мың адам) газдандырылды. Халық саны бойынша газдандыру деңгейі 91,3 пайызға дейін ұлғайтылды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өңірде "Еврохим-Қаратау" автоматты газ тарату станциясының (Сарысу ауданы) құрылысы бойынша жоба іске асырылуда, бұл минералды тыңайтқыштар мен күкірт қышқылын шығару бойынша ірі өнеркәсіптік жобалардың бірін іске асыруға мүмкіндік береді.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Тараз қаласындағы М-1 негізгі жылу магистралі, Қаратау және Жаңатас қалаларында орталық қазандықтар қайта жаңғыртылды. Келесі жылы облыс орталығындағы М-3 жылу желілері мен жылу магистралін қайта жаңғырту жоспары бар. 710 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, жөндеу жұмыстарымен қамтылды", - деді өңір басшысы.
2024 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 99 пайызды, елді мекендердегі көшелер бойынша бұл көрсеткіш 87 пайызды құрайды.