Салтанатты рәсімге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өңірдегі ауқымды жобаларды атап өтті.
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін мерейлі мереке аясында аймақ жастарына бес қабатты тұрғын үй пәтерлерінің кілтін салтанатты түрде табыстаудамыз.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі" деп атап өтті.Жастардың тұрғын үйге мұқтаждығы мәселесін шешу үшін 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет "Сыр жастары" бағдарламасын несиелендіру жолымен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Оған облыстық бюджеттен "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы кредит беруге 1,2 млрд теңге бөлінді. "Сыр жастары" – жылына 100 жас отбасыны баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген сөз бар халқымызда. Өз кезегінде бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін "Отбасы банк" 500 млн теңге қаржы бөлді. Мамыр айында 60 жас отбасы баспаналы болды. Бүгін міне 40 пәтердің кілтін табыстаймыз. Бұл қоныстой – басталған жұмыстың жалғасы. Бағдарламаға келесі жылға да облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Шаңырақтарыңыз балалармен базарлы, құтты қонақтарымен ажарлы болсын!", - деді Н.Нәлібаев.
Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Биғали Каюпов батасын беріп, жаңа пәтер иесі, көпбейінді қалалық аурухананың жас маманы Салтанат Сейіткамал көрсетілген қолдауға алғысын жеткізді.
Бүгін пәтер кілтін алған отбасылар қатарында ұстаздар, медицина мамандары мен бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Айта кетейік, биыл облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге бөлінді. Өткен жылдан бері қалада жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өңірдегі ауқымды жобаларды атап өтті.
Сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жобалар аясында соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Жыл басынан бері 2000-ға жуық отбасы қоныстой тойлады, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті.