Ұлттық Банктің екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, елдің төлем жүйелеріне ISO 20022 төлем қатынастарының халықаралық форматын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны туралы өткен жылдың қараша айында белгілі болған болатын.
"Ұлттық Банк Қазақстанның төлем жүйелері, екінші деңгейлі банктер мен төлем жүйесінің өзге де қатысушылары (банктер) төлем хабарламаларының халықаралық ISO 20022 стандартына сәтті көшірілгенін хабарлайды",- делінген бүгінгі таратылған ақпаратта.
Ведомство жаңа стандартты ескере отырып жаңғыртылған төлем жүйелері мен банктердің ақпараттық жүйелері 2025 жылғы 13 қаңтардан бастап жаңа форматта іске қосылғандығын атап өтті.
"Банктер клиенттердің төлем тапсырмаларын ақпараттық жүйелердің жұмыс кестесіне сәйкес әдеттегі режимде, еш шектеусіз және кідіріссіз қабылдап жатыр".ҚР Ұлттық Банкі
Ұлттық Банк жаңа стандарт төлемдерді өңдеу ісін автоматтандыруға, сондай-ақ есеп айырысудағы жылдамдық пен қауіпсіздікті арттыруға ықпал ететіндігін нақтылады. ISO 20022 стандартының ерекшелігі – төлем немесе мәміле туралы қосымша мәліметтерді беру мүмкіндігінде. Бұл сәйкестендіру процесін жеңілдетіп, қателіктерді азайтады және клиентке көрсетілетін қызмет сапасын арттырады.
"ISO 20022 стандарты қолданылғанда осы әдістемені пайдаланатын әртүрлі ақпараттық және төлем жүйелері арасында жаһандық үйлесімділік қамтамасыз етіледі. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқылардың бірі болып халықаралық стандартты пайдаланатын мемлекеттердің қатарына кірді. Енді Еуропалық Одақ пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен бірге трансшекаралық төлемдерді жеңілдетіп, халықаралық сауда-саттықтың дамуына ықпал етеді".ҚР Ұлттық Банкі
Ведомство ISO 20022 стандартының енгізілуі қаржы институттары мен клиент (тұтынушы) арасындағы өзара әрекеттесудің тиімділігін арттырып қана қоймай, қаржы нарығындағы технологиялық өзгерістерге бірыңғай ережелер мен рәсімдер негізінде тез бейімделуге мүмкіндік беретіндігін нақтылады.