Министрлік мәліметінше, 22 шілдеде Өзбекстан Республикасының экология, қоршаған ортаны қорғау және климат өзгерісі жөніндегі министрлігінің ресми сайтында Өзбекстан мен Қазақстан арасында киік популяциясын сақтау саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жоспарланып жатқаны туралы ақпарат жарияланған.
"Меморандум жобасы жұмыс тәртібінде қазақстандық тарапқа ұсынылды және қазіргі таңда қаралып жатыр. Бұл мәселенің табиғатты қорғаудағы маңызын ескере отырып, меморандум мазмұнын егжей-тегжейлі пысықтау қажет. Бұл жұмысқа екі елдің тиісті ғылыми мекемелері мен уәкілетті мемлекеттік органдары тартылады", - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, министрлік "жануарлар дүниесінің өкілдерін беру мәселелері мен меморандумдарға қол қою — мемлекетаралық деңгейдегі шешімді қажет ететін мәселелерге жатады" деп атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың 17 маусымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1 500 киікті сыйға тарту туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл қадам көрші елде киік популяциясын қалпына келтіру мақсатында жасалған.