Мемлекеттік корпорация электронды кезек талондарын алдын ала брондау бойынша пилоттық жобаның іске қосылғанын мәлімдеді.
"Жоба 2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап үш өңірде іске қосылады: Шығыс Қазақстан, Абай және Ақтөбе облыстарында.
Пилоттық жоба Риддер қаласы (ШҚО), Бородулиха ауданы (Абай облысы) және Хромтау ауданы (Ақтөбе облысы) ХҚКО бөлімдерінде жүзеге асырылады.
Сынақ кезеңі 2025 жылғы 2 қыркүйектен 30 қарашаға дейін жалғасады.
Жаңа сервис азаматтарға ХҚКО-ға келу күнін және уақытын алдын ала таңдауға мүмкіндік береді.
Бұл үшін "ЦОН" мобильді қосымшасы, электрондық үкімет порталы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы брондауға болады.
Брондау аяқталғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама арқылы растау жіберіледі", – деп мәлімдеді "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы.
Сонымен қатар, дайын құжаттарды алу және өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары бұрынғыдай алдын ала жазылусыз жұмыс істейді.
"ЦОН" мобильді қосымшасына қолжетімділік ЖСН мен телефон нөмірі арқылы авторизациядан кейін беріледі (қосымша App Store және Google Play-де қолжетімді), – деп еске салды мемлекеттік корпорация.
Бұған дейін Алматы қаласындағы ХҚКО-лардың кезекшілік режиміне көшетіні хабарланған болатын.