Асыловтың сөзінше, прокуратура органдары қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған көлемде қаражат қайтарды. "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заң аясында олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаржы өндірілген, оның 850 млрд теңгесі тікелей мемлекет кірісіне түсті.
Қайтарылған қаражат есебінен 375 млрд теңгеге 207 су құбыры нысаны, 177 медициналық мекеме, 14 білім беру және спорт нысанының құрылысы басталды. Сондай-ақ олигополия субъектілері елге 5,2 трлн теңге инвестиция салу жөнінде міндеттеме қабылдаған. Оның ішінде Алматыда жаңа туристік кешен, өңірлерде көлік-логистикалық орталықтар, зауыттар салынады. Мәселен, 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын тау-кен байыту комбинатының құрылысы жоспарлануда.
Бұдан бөлек, құны 122 млрд теңгені құрайтын 16 мектеп пен балабақша, 8 амбулатория мен аурухана, 13 спорт кешені, 16 мәдени-демалыс нысаны салынады. Бұл жобалар 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады.
Сонымен қатар, Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне айналады. Негізгі мақсат – ел экономикасына, оның ішінде заңсыз шығарылған қаражатты да инвестиция ретінде қайта құюға ынталандыратын жүйе құру.
Бас прокурордың мәліметінше, бүгінде прокуратура жалпы құны 87 трлн теңгеден асатын 1,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр. 2023 жылдан бері 1 732 инвесторға көмек көрсетіліп, 937 проблемалық жағдай шешілді.
Сонымен қатар "прокурорлық сүзгі" енгізіліп, заңсыз тексерулер мен шектеулердің жолы кесілді:
- 370 заңсыз тексеру, 438 әкімшілік іс, 200 шектеу шарасы тоқтатылды;
- бизнесті шектейтін 1 мыңнан астам шешімнің күші жойылды;
- 307 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Бұл шаралардың нәтижесінде мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы талап-арыздары 60%-ға азайды, бизнеске қатысты қылмыстық істер 10 есе қысқарды.
Асылов Алматыда көлік зауыты жобасы прокуратура араласуынан кейін іске қосылғанын айтты. Бұған дейін әкімдік тарапынан газ, электр желілері мен құрылысқа рұқсат құжаттары берілмей келген. Прокуратура араласқан соң барлық кедергілер жойылып, 182 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
"Біздің мақсатымыз – әр инвестор үшін түсінікті әрі болжамды инвестициялық климат құру. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жұмысты жаңа деңгейге шығарады", - деп түйіндеді Асылов.