Депутаттың айтуынша, бұл күні Серік Жұманғарин маңызды мәлімдеме жасаған.
"Ұлттық экономика министрі, Премьер-Министрдің орынбасары сөз сөйледі – біз бұған қуаныштымыз. Халық арасында бұл мәселеге үлкен қызығушылық бар: "ЭҚЖЖ-мен не болады? Кімдерге жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеуге рұқсат етіледі, кімдерге рұқсат етілмейді?" деген сұрақтар өте көп. Біздің ұстанымымыз — қарапайым әрі нақты: халықпен тікелей жұмыс істейтін барлық шағын кәсіп иелеріне жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеуге рұқсат берілуі керек. Біз бұл мәселені Парламент қабырғасында талқылаған кезде, бар болғаны 40-50 қызмет түріне ғана шектеу қойылатыны туралы уағдаластық болған. Сол себепті бұл тізім "тыйым салынған тізім" деп аталды", – деді Айтуар Қошманбетов.
Депутаттың пікірінше, бұл "тыйым салынған тізім" барынша қысқа болуы керек.
"Біздің ойымызша, бұл тізімге мыналар кіруі тиіс: екінші деңгейлі банктер, қаржылық және сақтандыру ұйымдары, жер қойнауын пайдаланушылар, ірі өнеркәсіп иелері, акциздік тауар өндірушілер. Яғни, бұл – тар ауқымды санат. Ал қалғандарының бәріне жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеуге рұқсат беру қажет деп есептейміз. Себебі бұған дейін 1 миллион 700 мың кәсіпкер дәл осы режимде жұмыс істеп келген. Енді жағдайды түбегейлі өзгерту дұрыс емес. Бұл – бұқаралық, шағын бизнес. Олар халықпен жұмыс істейді. Мысалы, балабақша, шаштараз. Оларға жалпыға ортақ салық режимі не үшін керек? Ондай жағдайда олар бизнесті жабуға мәжбүр болады. Себебі бухгалтер жалдап, 20% Корпоративтік табыс салығын, 16% ҚҚС төлеу – бұл тауардың өзіндік құнының едәуір өсуіне әкеледі, және олар бәсекеге қабілетті бола алмайды", – деді депутат.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда тек ірі компаниялар ғана өміршеңдігін сақтап қалады.
"Біздің басты қағидамыз – осы. Біз ашық талқылау болады деп үміттенеміз. Партия әрбір ЭҚЖЖ бойынша жеке ұстанымын білдіреді. Кез келген нормативтік-құқықтық акт әзірленгенде, әрбір қызмет түріне нақты есеп болуы тиіс: бұл экономикаға қалай әсер етеді, қандай өсім немесе құлдырау болады, қанша жұмыс орны ашылады немесе жабылады, қанша салық түседі. Міне, осындай нақты есеп бізге керек, біз әрбір ЭҚЖЖ-ні жеке талқылауға дайынбыз", – деп түйіндеді Айтуар Қошманбетов.
Бұған дейін Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерінің өсу себептері аталғаны хабарланған болатын.