ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ Ик, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ "Вусонг білім қорының" Құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг мырза қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев өз сөзінде филиал ашудың тарихи маңыздылығына тоқталды:
"Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз – рухани бай әрі көне Түркістан қаласында Корея Республикасының жетекші университетінің филиалы ашылды. Бұл университет тек білім беру алаңы ғана емес, халықаралық ынтымақтастық, инновациялар орталығы және еліміздің интеллектуалдық капиталын қалыптастыратын жоғары білікті мамандар даярлайтын мекен болады", – деп атап өтті вице-премьер.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші білім беру хабына айналуына бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтіп, шетелдік жоғары оқу орындарының елімізде филиалдар ашуы осы стратегиялық мақсатқа жетудің маңызды бөлігі екенін айтты.
Салтанатты іс-шара барысында "Woosong University Kazakhstan" директоры Хва Чон Ён университеттің миссиясы, негізгі білім беру бағдарламалары, ғылыми бағыттары және халықаралық серіктестіктері туралы кеңінен баяндады.
Бұған дейін Автокөлікті қайта жабдықтау туралы куәлік тек цифрлық форматта берілетіндігін жазған болатынбыз.