"Ата жолы" картасы – елде тапшы мамандықтары бар немесе табысты бизнес-жобалары бар этникалық қазақтарға берілетін арнайы құжат. Бұл карта оларға Қазақстанда 10 жылға дейін қазіргі азаматтығынан айырылмай тұрақты тұруға мүмкіндік береді.
"Ата жолы" картасы – шетелдегі этникалық қазақтарға қолдау көрсету құралы ретінде ойластырылған. Бұл карта олардың Қазақстанда ұзақ мерзімді тұруына, ресми түрде жұмыс істеуіне, бизнес жүргізуіне, сондай-ақ әлеуметтік, медициналық және білім беру жүйелеріне қол жеткізуіне жағдай жасауы тиіс еді. Алайда іс жүзінде қандастарымыз ұлттық тиесілігін дәлелдеу үшін шектен тыс рәсімдерден өтуге мәжбүр. Көптеген құжаттарды аударып тапсыру қажет. Ал аймақтардағы уәкілетті органдардың қызметкерлері бұл карта жайлы ережелерден мүлде хабарсыз", – деді Орынбасаров.
Сенатор мысал ретінде Швейцарияда жұмыс істейтін этникалық қазақ, дәрігер-оқытушы Серік Тұрсынның оқиғасын келтірді. Жоғары кәсіби біліктілігіне және отандық медицинаны дамытуға үлес қосуға дайын болғанына қарамастан, ол мемлекеттік органдар тарапынан бюрократиялық кедергілер мен формалды көзқарасқа тап болған. Тіпті ол жеке қаражатын инвестициялауға және заманауи медициналық жабдықтарды алып келуге дайын еді.
"Бүгінде тұрақты тұруға рұқсат алу барысында адамдар артық бюрократиялық тосқауылдарға жиі ұшырайды. Мұндай жүйелі қиындықтар қандастардың елге оралу ниетін төмендетіп қана қоймай, оларға қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік саясатқа деген сенімді де әлсіретеді. Президенттің бастамасы жарияланған сәттен бастап түрлі елдерден шамамен 150 этникалық қазақ "Ата жолы" картасын алуға ниет білдірді. Алайда осы күнге дейін олардың ешқайсысы бұл ниетін жүзеге асыра алған жоқ", – деді депутат.
Сенатордың пікірінше, бұл жағдай "Ата жолы" картасының қазіргі форматта өз міндетін орындай алмай отырғанын, ал қандастарымыздың әлеуеті әлі де іске аспай жатқанын көрсетеді.
"Ата жолы" картасының толыққанды жұмыс істеуі үшін заңнамадағы олқылықтарды жою қажет. Карта мәртебесі заңмен бекітілгенімен, оны алу рәсімдері мен иеленушілерге берілетін кепілдіктерді нақтылау, басқа нормативтік актілермен үйлестіруді талап етеді. Мемлекеттік органдар, депутаттар мен сарапшылардың қатысуымен ведомствоаралық комиссия құрып, шетелдік дипломдар мен сертификаттарды тікелей тану механизмін енгізу қажет. Бұл білікті мамандарды ел экономикасы мен денсаулық сақтау саласына жылдам кіріктіруге мүмкіндік береді", – деп қорытындылады ол.
Бұған дейін Алматыда 150-ден астам атаусыз көше жаңа атауға ие болғанын жазғанбыз.