Снежанна Имашева полиция сервистік, ашық және есеп беруі үшін жұмыстар жүргізіп жатқанын еске салды.
"Әлеуметтанулық сауалнамалар полицияға деген сенімнің шамалы болса да артқанын көрсетеді. Азаматтардың шамамен 63%-ы полицияға сенетіндерін айтқан, ал қалғандары ішінара сенеді немесе мүлдем сенбейді", – деді ол.
Оның айтуынша, сенімсіздіктің негізгі себебі – күш құрылымдарының ішіндегі сыбайлас жемқорлық.
"Статистикаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасаған әрбір жетінші адам – полиция қызметкері. Көбінесе бұл пара және алаяқтық", – деп атап өтті депутат.
Ол сондай-ақ халықпен профилактикалық жұмыстың дамымағандығын және формализмді көрсетті.
"Бас прокуратураның мәліметінше, биылғы жылы тұлғаға қарсы құқық бұзушылық туралы 800 мыңға жуық хабарламаның 500 мыңға жуығы қараусыз қалды. Бұл полицияның жауап беру деңгейінің төмендігін көрсетеді, азаматтардың өтініштері толық қаралмайды, құқық бұзушылар жазасыз қалады және бұл одан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Полиция қылмыстарды толығымен жасырған жағдайлар да бар", – деді Снежанна Имашева.
Бұған дейін Астанада аяқ киім ұрлаған күдікті қолға түскенін жазғанбыз.