Әлеуметтік желілерде оңай табыс табуға шақыратын жарнамалар көбейіп кеткен. Жұмыс берушілер жасын да, құжатын да сұрамайды, бастысы – тапсырманы орындау. Дегенмен мұндай ұсыныстардың күмәнді екені анық, алайда қызығушылық танытқан жасөспірімдер саны күннен күнге артып келеді, деп жазады qazaqstan.tv.
Жыл басынан бері елімізде 23 мыңнан астам интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Мамандар мұны бала психологиясымен байланыстырады: кейбір жеткіншектер оңай олжаға кенелгісі келіп, қателік жасайды. Психолог Алина Нұрланова бала тәрбиесіне ерекше мән беруді ұсынады.
"Балаға қаржылық сауаттылықты үйрету және ақша табу маңызды емес екенін түсіндіру керек. Қазіргі таңда бала үшін оқу және білім алу маңызды. Ол фундаментті білімді дұрыс алып, өмірлік тәжірибе арқылы ақшаны адал жолмен табуды үйренуі тиіс". Алина Нұрланова, психолог
Кәмелетке толмаған балалар үшін ата-анасы жауапты. Егер бала интернет алаяқтыққа тап болса, ата-анасына 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. 16 жастан бастап бала қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал егер аса ауыр қылмыс топтасып жасалса – 14 жастан сот алдында жауап бере алады. Кінәсі дәлелденсе, 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес алаяқтық үшін жауапкершілік міндетті. Интернет алаяқтық қатаң қаралады, бірақ кәмелетке толмағанның ниеті ескеріледі. Егер қылмыс абайсыздан жасалса, жауапкершілік төмендетіледі". Шахризада Мәдіхан, заңгер
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу ең алдымен отбасы тәрбиесінен басталады. Балаға ерте жастан қаржылық және құқықтық сауаттылықты үйретіп, интернеттегі әрекеттерін бақылау қажет. Бейтаныс адамдардан және күмәнді табыс көздерінен аулақ болуға шақыру маңызды.