Оның айтуынша, полигондардың басым бөлігі белгіленген талаптарға сай емес.
"Коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы маңызды мәселелердің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары. Ел аумағында шамамен 3 мың полигон жұмыс істейді, олардың 80%-дан астамы экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Нақтырақ айтқанда, гидрооқшаулаудың, фильтрат пен газ жинау жүйелерінің болмауы", – деді Құрмалаев.
Ол мәселелерді жыл сайын саны артып келе жатқан заңсыз қоқыс үйінділері одан әрі күрделендіріп отырғанын атап өтті.
"Негізгі проблема – инфрақұрылымның ескіруі. Полигондардың басым бөлігі 70–90-жылдары қазіргі қорғаныс жүйелерінсіз пайдалануға берілген: санитарлық және экологиялық нормалардың сақталмауы, халық пен бизнес деңгейінде қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің дамымауы. Сондай-ақ заманауи полигондар салу үшін мемлекеттік бюджеттен қаражаттың жеткіліксіз бөлінуі де басты мәселелердің бірі", – деп толықтырды вице-министр.
Бұған дейін Қазақстанда экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 165 шенеуніктің жазаланғаны хабарланған еді.