Жоғарғы сот (ЖС) 17 қарашада оқиғаның толық мән-жайын жариялады.
"2024 жылдың жазында елорда тұрғыны екі кәмелетке толмаған баласымен бірге Астанадан Ақтауға ұшып келген. Пассажирлік терминалдан шыққаннан кейін балалардың бірі — екі жасар қыз — жолаушылардың шығуына арналған есік арқылы өздігінен қайтадан әуежай ғимаратына кіріп кеткен. Ғимарат ішінде ол қолын эскалатордың қозғалып тұрған механизміне тығып алып, саусақтарының ашық жарақаттары мен сынықтар алған. Қыз бала балалар ауруханасында емделді. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, 10 жасқа толған кезде оған саусақтарын қалпына келтіру бойынша операция қажет болады", — делінген хабарламада.
Баланың анасы әуежайдан моральдық зиянды өндіріп алу туралы талап арыз берген. Алайда әуежай өкілі талапты мойындамай, бұл жағдай әуежай қызметкерлерінің кінәсінен емес, баланың өзі эскалаторға жақындауы салдарынан болды деп көрсеткен.
"Бірақ сотта қаралған бейнежазбада инспектор баланы жолаушылар шығатын есік арқылы өткізген кезде оның қолынан ұстап тұрғаны, бірақ артынан кіруге тырысқан анасына назар аударып, баланың қолын жіберіп алғаны анықталды. Инспектор әйелді ғимаратқа кіргізбеген соң бала қараусыз қалып, өздігінен эскалаторға барып, жарақат алған. Сот бұл жағдайдың ересек адамның бақылауынсыз баланың терминалға кіріп кетуіне жол берген әуежай қызметкерінің кінәсінен болғанын анықтады", — деп мәлімдеді ЖС.
Сонымен қатар әуежай кінәсін жоққа шығаратын дәлелдер ұсынылмаған.
Белгілі болған жайттардың негізінде сот әуежайдан баланың заңды өкіліне 2 млн теңге көлемінде моральдық зиян өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Шешім заңды күшіне енді.
2025 жылғы 8 қарашада Атырау әуежайында Атырау – Алматы рейсіне тіркелу кезінде қол жүгінде жарылғыш зат барын айтқан ер адам ұсталған болатын.