Тимур Сүлейменов бүгінгі жағдай бойынша мәліметтерді келтірді.
"Halyk Bank соңғы бір-екі жылда 250 млрд теңгені қайтарды. РБК толық қайтарды – кеше келісімді жаптық. Кеше 178 млрд теңге, ал жалпы есепте биыл 230 млрд теңге қайтарылды. Нұрбанк – шағын банк және оған берілген мемлекеттік көмек аз болды – 4,5 млрд теңгені қайтарды. Alatau City Bank өткен жылы 100 млрд, биыл 50 млрд теңге қайтарды", – деді ол.
Оның айтуынша, бюджеттен мемлекеттік қолдау ретінде алған қаражатты толық қайтарған банктердің қатарында Банк ЦентрКредит (BCC) те бар. Қайтарылған сома — 60 млрд теңге.
"Банктер соңғы бірнеше жылда 700 млрд теңгеден астам мемлекеттік көмекті қайтарды. Қазір "Нұр" банкінде қалған сома бар – банк шағын болғандықтан және айналымы үлкен емес болғандықтан, олар қаражатты мерзімінен бұрын кезең-кезеңімен қайтаруға келісті. Сондай-ақ Еуразиялық банк пен Alatau City Bank те толық қайтарып бітпеді", – деп түйіндеді Ұлттық банк басшысы.
Еске салайық, 2025 жылдың 7 наурызында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банктерге әртүрлі бағыттар бойынша әр кезеңде 1,4 трлн теңге көлемінде мемлекеттік көмек бөлінгенін хабарлаған еді.