Бірінші несие бюросы аналитиктерінің 8 желтоқсандағы дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың қарашасында реконструктивті және қалпына келтіру операцияларына, соның ішінде пластикалық хирургияға төлем жасауға өтініш беру көрсеткіші күрт артқан.
Бір айда жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңге болатын 2 277 өтініш орындалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазан айымен салыстырғанда өтініш саны 33 есе, ал төлем көлемі 40 есеге жуық өскен. Бұған дейін пластикалық хирургияға қатысты өтініштер өте аз үлеске ие болатын. Мәселен, 1 қарашаға дейінгі бүкіл кезеңде орындалған өтініш саны 1 631, жалпы сома 1,6 млрд теңгеден аз болған. Осылайша, бір ғана қараша айы барлық алдыңғы айларды қосқанда да асып түсті.
Медициналық мақсаттағы біржолғы зейнетақы төлемдері құрылымындағы күрт өзгерістер қыркүйектен бері байқалып келеді. Ол кезде тіс емдеуге өтініш қабылдау тоқтатылған еді - бұған жалған құжаттар мен алаяқтық фактілері себеп болды.
"Тіс" бойынша тыйым енгізілгеннен кейін сұраныс басқа бағытқа ойысты: қыркүйек-қазан айларында офтальмологияға өтініш күрт өсті. Алайда бұл салада да күдікті схемалар табылған соң, желтоқсанның басында Денсаулық сақтау министрлігі "көз" операцияларына өтініш қабылдауды да уақытша тоқтататынын жариялады. Соған қарамастан, қараша айында офтальмологияға қатысты 9,8 мыңға жуық өтініш орындалып, сомасы 8,4 млрд теңгені құрады.
Бұған дейін Қазақстандағы ең жоғары инфляция қай қалада тіркелгенін жазғанбыз.