Журналистер бұған дейін Ынташ Наурызованың айтқанын алға тартып, бұл туралы әкімнің не дейтінін сұрады.
"Әлеуметтік желіде көптен бері жүрген дақпырт қой. Әрине, бұл - жеке бас мәселесі. Бірақ, жауап бере кетейін. Біріншіден, әріптестеріңіз әлеуметтік желіде не деп жазып жатыр? Тек шындықты жазса деймін, сөзбе-сөз былай десек: "Сот мені ДНҚ арқылы баланы тануға міндеттеді" деп. Шындығында, жағдай мүлдем бұлай емес. Әріптестеріңіз, егер былай деп жазса, онда дұрыс болар еді: "Сот менің өтінішімді қанағаттандырды, өйткені мен, өзім баламды мойындау үшін сотқа жүгіндім", – деп жауап берді Нұрдәулет Қилыбай.
Оның айтуынша, ол ай сайын алимент төлейді. Бірақ, әкім алименттің нақты мөлшерін айтуға келгенде, қиналып қалды. Сондай-ақ, әкім бүгінгі күндері баламен араласып, сөйлеспейтінін де жеткізді.
"Мөлшерін есепшіден сұрау керек. Жалақымның 20-25%-ы, ал менің жалақым - 1 млн 900 мың теңге, міне осы сомадан алиментті ұстап қалады. Ия, ондай жағдай болды, оған өкініш білдіремін. Бұл - менің өткендегі қателігім. Анау-мынау дегенмен, уақытты керіге шегере алмаймыз. Қазір мен басқа нәрселермен айналысуым керек. Бірінші кезекте - өңірдің дамуы жайымен", деп сөзін түйіндеді Нұрдәулет Қилыбай.
2024 жылғы 17 сәуірде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ресми тіркеусіз, мұсылман қағидаттары бойынша қиылған неке заңсыз болып табылатынын айтқан болатын.