Журналистер соңғы кемінде үш жылдағы деректерді салыстырғанда бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану азайып жатыр ма, әлде әр жылғы бюджет көлемін ескерсек, бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалып отыр ма деген сұрақ қойды.
"Жалпы алғанда, біз жыл сайын анықталған заңбұзушылықтардың едәуір көлемін тіркеп отырмыз. Алайда бұл жерде салыстырмалы талдау жүргізу қажет. Соңғы бес жылда республикалық бюджет шамамен екі есеге өсті. Экономика дамыған сайын бюджет көлемі де ұлғаяды – бұл тек республикалық бюджетке ғана емес, жергілікті бюджеттерге де қатысты. Осыған байланысты абсолюттік көрсеткіш бойынша анықталған заңбұзушылықтар көлемі де артуы мүмкін. Бірақ бұл көрсеткіштерді экономиканың жалпы көлемімен немесе мемлекеттік, не республикалық бюджеттің жалпы көлемімен салыстырсақ, заңбұзушылықтар деңгейі төмендеп келеді". Әлихан Смайылов
Оның пікірінше, бұл елде қаржылық тәртіп, заңдылық пен реттелу деңгейі жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін Мәжілістің креативті индустрияларды қолдау және дамыту туралы заңды екінші оқылымда қабылдағанын жазғанбыз.