Министрдің айтуынша, нәтижеге қол жеткізу мақсатында министрлік спорт федерацияларымен бірлесіп ұлттық құраманы дайындауға кешенді жоспар әзірлеген.
"Жоспар аясында жаттығу сабақтары, медико-психологиялық қолдау, қаржылық қолдау, қажетті спорттық жабдықтар, тамақтану және білікті жаттықтырушылармен жұмыс қамтамасыз етілді. Олимпиадаға сапалы дайындық үшін ұлттық құрамалар қысқы спорт түрлері бойынша 178 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сондай-ақ спортшыларымыз 125 халықаралық жарысқа қатысты", – деді Мырзабосынов.
Оның айтуынша, жалпы қаржыландыру көлемі – 13,3 млрд теңге.
"Оның 585 млн теңгесі – федерациялардан, 5,3 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен, 6,2 млрд теңгесі – жергілікті бюджеттен, 1,2 млрд теңгесі – Туризм және спортты қолдау қорынан бөлінді", – деп хабарлады министр.
Еске салсақ, 3 желтоқсанда Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарының ұйымдастырушылары марапаттау рәсімдері үшін ресми киімді таныстырды.