Синоптиктердің мәліметінше, күнтізбелік қыс басталғалы бері елде салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталып келген.
"Қазақстанға қарай суық антициклон жылжып келеді. Ол республика аумағы арқылы жылдам өтіп, алдымен солтүстік өңірлерге, кейін елдің қалған бөліктеріне ауа температурасының едәуір төмендеуін әкеледі. 14 қаңтарда солтүстік облыстарда, ал 15 қаңтарда шығыс өңірлерде түнгі уақытта термометр бағандары –30…–38°С-қа дейін төмендейді", – делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Болжамға сәйкес, аязға қарамастан, антициклонның жылдам жылжуына байланысты жел күшейеді. Елдің солтүстік бөлігінде жекелеген аудандарда желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Бұған дейін синоптиктер Астанада ауа температурасы –27°С-қа дейін төмендеп, ал Алматыда +9°С болатынын хабарлаған еді.