Депутаттың айтуынша, агроөнеркәсіп кешені үшін кадр даярлау сапасы агротехникалық колледждердің қалай қаржыландырылатынына тікелей байланысты.
"Қазіргі қолданыстағы қаржыландыру нормалары аграрлық мамандықтардың ерекшелігін ескермейді. Бұл салада оқыту тәжірибесіз мүмкін емес: заманауи техникамен жұмыс істеу, тренажерлар мен симуляторларды пайдалану, шығын материалдары, оқу шеберханалары мен зертханаларды ұстау қажет. Мұның бәрі қосымша шығынды талап етеді, алайда қолданыстағы нормативтерде бұл қарастырылмаған. Соның салдарынан колледждер техника мен жабдықтарды уақтылы жаңарта алмайды, оқытудың заманауи технологияларын енгізуге және оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлеріне лайықты еңбек жағдайын жасауға мүмкіндігі шектеулі. Бұл мамандарды даярлау сапасына тікелей әсер етеді", – деді Асылбек Нұралин.
Оның сөзінше, агротехникалық колледж түлектері тек ауыл шаруашылығында ғана емес, сонымен қатар сабақтас салаларда да сұранысқа ие.
"Қазіргі өндіріс цифрлық және зияткерлік жүйелермен жұмыс істей алатын білікті мамандарды қажет етеді. Мұндай жағдайда оқытуға формалды көзқарасқа жол беруге болмайды. Тиімді шешім ретінде ақылы дуалды оқыту жүйесін енгізуге болады: оқу уақытының 60%-ы – өндірістік тәжірибе, 40%-ы – колледждегі оқу. Мұндай формат студенттерге нақты тәжірибе жинауға, еңбек жағдайына тез бейімделуге және оқу барысында мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Егер мемлекет жастардың салада қалуына мүдделі болса, оларды алғашқы курстардан бастап нақты өндіріс процесіне тарту, кәсіби өсу мүмкіндіктері мен болашақ табыс деңгейін көрсету маңызды", – деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ ол агроөнеркәсіп кешені үшін білікті кадр даярлау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қалуы тиіс екенін айтты. Себебі бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты.
Осыған байланысты депутат Үкіметтен агротехникалық колледждерді қаржыландырудың қолданыстағы нормативтерінің жеткіліктілігін бағалауды, оларды салалық ерекшеліктерді ескере отырып қайта қарауды, оқу-өндірістік базаны жаңарту көздерін айқындауды, сондай-ақ ақылы дуалды оқытуды дамыту және педагог кадрлардың мәртебесін арттыру жөніндегі шараларды пысықтауды сұрады.