Ұлттық банк карталарға қатысты алаяқтықтың жаңа тәсілі жөніндегі мәлімдемені 2026 жылғы 17 ақпанда таратты.
Қаскөйлер ашық дереккөздерден (фишингтік сайттар мен қоғамдық орындардағы сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстен) алынған азаматтардың жеке деректерін қолданып, қаржы ұйымдарының байланыс орталығына клиент атынан жүгінеді. Яғни олар банк картасы жоғалғанын айтып, жалған хабардың күшімен төлем картасының бұғатталуына себеп болады. Қазақстан Ұлттық Банкі
Кейін алаяқтар азаматтардың өзіне қоңырау шалып, өзін банктің немесе құқық қорғау органының қауіпсіздік қызметі өкілі деп таныстырады. Сөйтіп "картаны бұғаттан шығарамыз" немесе "қауіпсіз шотқа ақша аударамыз" деген желеумен азаматтың шотына қол жеткізуге мүмкіндік беретін SMS-код, интернет-банкингке арналған пароль, болмаса, CVV/CVC-код секілді деректерді алуға тырысады.
Төлем картасы бұғатталған жағдайда картаның екінші бетінде немесе мобильді қосымшада көрсетілген нөмір арқылы банктің ресми колл-орталығына хабарласқан дұрыс. Есіңізде болсын, қаржы ұйымдарының қызметкерлері SMS-хабарламада көрсетілген пароль мен кодты ешқашан сұрамайды және мобильді құрылғыны қашықтан басқаратын қосымшаларды орнатуды талап етпейді.
Сондай-ақ, банкомат маңын торуылдап жүретін қаскөйлер де кездеседі, олар "картам бұғатталып қалды", "картамды зақымдап алдым" немесе "ақша алатын лимит таусылды" деген түрлі сылтау сөздермен басқа бір үшінші адамның шотына ақша аударуға көмек сұрап, орнына қосымша ақшалай сыйақы уәде етеді. Осыған байланысты да еске саламыз, мұндай аударымдар, әдетте, заңға қайшы әрекет саналып, дропперлік әрекет болып қабылдануы мүмкін.
Қазақстан Ұлттық Банкі банк картасы мен оның деректерін ешкімге бермеуге, бейтаныс адамға ақша аудармауға, әркез қырағы жүруге және кез келген ақпаратты екінші деңгейлі банктердің ресми нөмірлері арқылы колл-орталығына қоңырау шалып, тексеріп алуға кеңес береді.
Ұлттық Банк қызметкерлері жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне ақшалай салым салуды ұсынбайтынын, қаражатты сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске саламыз.
Егер сіз алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береміз.
Консультация алу үшін 1477 қысқа нөміріне қоңырау шалып, Ұлттық Банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.